Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұхтар ағамен қоштаса алмадым": Азамат Сатыбалды ауруханаға түсіп қалды

Азамат Сатыбалды ауруханада
Фото: instagram.com/azamatc

Танымал актер Азамат Сатыбалдының денсаулығы сыр берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, ауруханада жатқан суретін бөлісті.

Актер “Сұлтан Бейбарыс” қойылымындағы рөлін ойнай алмайтыны үшін көрермендерінен кешірім сұрады. Оның айтуынша, сырқаты 19 сәуірде түнде басталған. Өнер иесі таңға дейін шыдап, ақыр соңы жедел жәрдем шақырған. Ал келген дәрігерлер бірден ота жасау керегін хабарлаған.

“Жанымды қоярға жер таппадым. Ішпеген дәрім жоқ. Содан таңғы 04:00-ке дейін алыстым. Болмады. Жедел жәрдем шақыруға тура келді. Келген бойда дәрігерлер тексеріп бірден ота жасайтынын айтты. Әртіспісің дегендей “Қойылымым бар еді, ертең жасасаңыз болмай ма?” дедім. Ол болса, бұл не деген сұмдық деп басын ұстап таңғалды. “Қандай қойылым, тез арада ота жасау керек” деді”, – деп жазды актер.

Өнер иесіне жасалған ота сәтті өткен. 

“Көнбеске амал қалмады. Жан тәтті ғой. Не керек, бәрі сәтімен өтті. Қазір жағдайым жақсы, Аллаға шүкір. Дәрігерлерге алғысым шексіз, зыр жүгіріп бәрін жасап жатыр”, – деп жазды ол.

Алайда актер өкініші барын жасырмады. Ол ақын, жазушы Мұхтар Шахановты ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне қатыса алмағанына қынжылды. 

“Бір әттеген-ай бар. Мұхтар ағамен қоштаса алмадым. Жақсы көретін ақыным. Нар тұлғалы қоғам қайраткері еді. Алла алдынан жарылқасын ағамызды. Жаныңыз жәннәттың төрінде шалқысыне, асыл ағатай”, – деп жазды ол.

Айта кетейік, бұған дейін Азамат Сатыбалды “Парасат” орденімен марапатталғаны хабарланған еді. 

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 21 Сәуір, 2026 18:10