Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Беташарға 4 миллион теңге сыйлаған: Ақтөбелік депутат әрекетіне өкінетінін айып, видео жариялады

Аслан Қайырғалиев
Фото: Видеодан скрин

Желіде Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Аслан Қайырғалиевтің тойдағы беташарға қомақты ақша салып тұрған сәті қызу талқыға түсті. Депутаттың өзі бейнеүндеу жариялап, айтылған сын-пікірді қабылдайтынын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақтөбелік депутаттың беташарда 4 миллион теңгедей ақша берген видеосы желіде қызу талқыға түсті. Үйлену тойына қомақты қаржы берген адамның жергілікті мәслихат депутаты және кәсіпкер Аслан Қайырғалиев екені белгілі болды. Аслан Қайырғалиев – бөлшек сауда кәсіпкері және қалалық мәслихат депутаты. Ол “Анвар” желісін басқарады.

Артынша Аслан Қайырғалиев әлеуметтік желідегі парақшасында видеоүндеу жариялады. 

“Әлеуметтік желіде тараған видеоға байланысты өзімнің жеке түсініктемемді беруді жөн көрдім. Бұл менің бала кезден бірге өскен жақын досымның тойы болатын. Видеода көргендеріңіздей, барша достарының атынан жиналған сыйлықты беру сәті бейнеленген. Бұл тойда жігіт жолдас болғандықтан, сыйлықты мен табыстадым. Бұл менің өз қаражатым емес, барша достарының атынан берілген сыйлық еді. Сол жердегі іс әрекетім, яғни ақшаны санау сәті оғаш көрінгенін енді түсініп жатырмын. Бұл жерде мақтану немесе назар аударту ниетім болған емес. Бұл жерде жай ғана менің жақын досымның тойындағы қуанышты эмоциялық сәт болатын. Оқиғаға қатысты қоғамның пікірін қабылдаймын және алдағы уақытта мұндай әрекетке жол бермеймін”, – деді Аслан Қайырғалиев.

Еске салсақ, жұрт назарына түскен қалалық мәслихат депутаты Аслан Қайырғалиев тәртіптік жазаға тартылған. Әлеуметтік желіде қызу талқыланған оқиғаға байланысты депутатқа сөгіс жарияланды. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 21 Сәуір, 2026 19:00