Балалар бес жыл бойы тіркелмеген ауру жұқтырған: Қазақстанның бір өңірінде қауіпті инфекция қайта тарады

Ақтөбе облысында соңғы бес жылда алғаш рет паротит (шошқа мойын) ауруы тіркелді. Жұқпалы ауру бес балада анықталған. Олардың ешқайсысы екпе алмаған. Аурудың өршуіне байланысты дәрігерлер дабыл қақты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтөбелік дәрігерлердің айтуынша, аймақта паротит жағдайлары тіркелмегелі көп уақыт болған. Алайда биыл көктемде инфекция күтпеген жерден қайта оралды. Бірден бес балада анықталды. "Паротит" атауы грек тілінен шыққан, "шошқа мойын" дегенді білдіреді. Ауру бет пен мойынның ісінуімен сипатталады. Вирус сілекей бездерін зақымдап, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік және шайнау кезінде ауырсынумен қатар жүреді.
"Бұл ауру асқынса, өте қауіпті. Менингит, энцефалит, орхит, панкреатит тудырады. Болашақта бедеулікке де себеп болуы мүмкін. Жалпы эпидемиологиялық жағдай тұрақты, ошақтарда барлық қажетті эпидемияға қарсы шаралар жүргізілді. Қорғанудың негізгі жолы – вакцинация", – дейді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің басшысы Гүлфайруз Жұбаева.
Қазіргі таңда балаларға диагноз симптомдар бойынша қойылған. Зертханалық талдаулар әлі жүргізіліп жатыр. Бұл жалғыз алаңдатарлық жағдай емес. Өңірде қызылша дерті де күрт өсіп келеді.
"Қазіргі таңда облыста зертханалық түрде расталған қызылшаның 250 жағдайы тіркелді. Өткен жылы бар болғаны 32 жағдай болған. Ауырғандардың шамамен 90%-ы екпе алмағандар. Қауіп тобында негізінен бес жасқа дейінгі балалар", – дейді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Аяғанова.
Барлық ошақтарда санитариялық қызметтер жұмыс істеп жатыр. Дегенмен дәрігерлер қауіпті инфекциялардан қорғанудың жалғыз тиімді жолы – вакцинация екенін ескертеді.
"Балалар еденге жатып, суға түспеген": "Өзенмұнайгаз" қызметкерлерінің балалары барған лагерь талапқа сай болмай шығып, 315 мың теңге айыппұл арқалады
Оқыңыз