"Ата-ана атанып, өмірге сау сәби алып келді": Шымкентте 20 жыл бұрын ВИЧ жұқтырған балалар қазір қалай өмір сүріп жатыр?

2006 жылы Шымкентте болған медициналық салғырттық салдарынан 149 бала АИТВ (ВИЧ) инфекциясын жұқтырды, ал 10-нан астамы қайтыс болды. 21 медицина қызметкері жауапқа тартылып, кейбірі 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Бұл оқиға кезінде денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев еді. Оның орнын босатуының басты себебі осы болды. Арада жиырма жылға жуық уақыт өтсе де, бұл оқиға Қазақстан тарихындағы ең ауыр медициналық трагедиялардың бірі болып қала береді. Сол кездегі сәбилер бүгінде 20-ға келіп, еңбекке араласып жатқан жастар. Stan.kz тілшісі вирус жұқтырған жандардың қазіргі жағдайымен танысты.
Балаларды СПИД-тен қорғайық орталығының басшысы Жанетта Жазықбаева бүгінгі күні вирус жұқтырған балалардың емделуіне үлкен көмегін тигізіп отыр. 2006 жылы оның да баласы жансақтау бөліміне түсіп, плазмалы қан құю салдарынан АИТВ жұқтырған. Жанетта Жазықбаева жемқорлықтың салдарынан сау балалар вирус жұқтырды дейді.
“2006 жылы отбасым қасіретті жағдайға душар болды. Тоғыз жастағы ұлым жол апатына түсіп, облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Сол кезде балама бірнеше мәрте қан плазмасы құйылды. Шыны керек, сол жылдары Шымкенттегі ауруханалардың жағдайы нашар болды. Құрал-жабдықтардың тозығы жеткен, ал жаңа аппараттар жоқтың қасы еді. Ұлымның емін кейіннен Ташкентте жалғастырдық. Ондағы білікті профессорлар миында ұйып қалған қанды алды. Бір айдан соң үйге оралдық. Толыққанды ем үшін ұлымды арнайы квотамен жаз айында Алматыға курортқа жатқыздым. Енді орналасқанымыз сол еді теледидардан "Шымкентте 7 бала АИТВ дертіне шалдықты" деген жаңалықты көріп қалдым. Вирус ұлым емделген ауруханадан тарағанын білдім. Сол сәтте көңілімде күдік ұялады. Дереу баламды тексерістен өткіздік. Өкінішке қарай оның қанынан АИТВ (ВИЧ) вирусы анықталды”, – дейді Жазықбаева.
Ұлының бойынан вирус анықталған соң Жанетта Жазықбаева баласының еміне көбірек көңіл бөле бастайды. Сонымен қатар, тек өз отбасы ғана емес, ВИЧ жұқтырған басқа отбасыларға да көмектесу керек деген шешімге келеді.
“Мен он жылға жуық медицина саласында жұмыс істеген болатынмын. Перзентіме қойылған ауыр диагноздан соң медицинаны тастап, кәсіпкерлікпен айналыстым. Қайбір ана баласының сырқат екенін біліп жүріп, жайбарақат жүре алар дейсіз? Маған да ұлымның дерті маза бермеді. Тек мен ғана емес сол сәтте ЖИТС-ті жұқтырған балалардың ата-аналарына да оңай тиген жоқ. Соңында бәрін тастап, балалар үшін қоғамдық қор ашуға кірістім. Бұл жағдайдан соң мемлекет және медицина мамандары ол тақырыпты жабық ұстауға тырысты. Сол себепті қоғамда ЖИТС туралы ашық айтыла бермейтін. Себебі қорқатын. 2012 жылдан бастап біз отбасымызда осындай баланың барын ашық түрде айта бастадық. Достарым, туыстарым, жақындарым барлығы да біледі. Шындықты естіген соң ешкім менен сырт айналған жоқ”, – дейді Жанетта Жазықбаева.
Фото: видеодан скрин
Бұл оқиға Гүлнара Калменова отбасына да ауыр тиді. 2006 жылы оның 8 айлық баласы пневмониямен ауруханаға түседі. Ұлын емдетуге барған кезде дәрігерлердің салғырттығынан бала ВИЧ инфекциясын жұқтырып алады. Содан бері, міне, 20 жылға жуық уақыт бойы Гүлнара баласының өмірін дәрі-дәрмекпен сақтап келеді. Айтары да, іште қалған мұңы да аз емес.
Фото: жеке архивтен
“Менің балам сегіз айлық кезінде ауырып, ауруханаға түсті. Ол кезде мен оны емізбейтін едім. Ем қабылдап, жазылып үйге шықтық. Біраз уақыт өткен соң дәрігерлер хабарласып, қайта сараптама тапсыру керектігін айтты. Алғашында түсінбедік, бірақ бәрібір бардық. Тексеру нәтижесінде үйдегі бәріміздің сау екеніміз белгілі болды, тек осы балам ғана вирус жұқтырған болып шықты. Бұл хабарды естігенде қатты күйзелдім. Жыладым, дәрігерлермен сөзге келдім. Өте қиын күндерді бастан өткердік. Баламды қайтадан ауруханаға жатқызғанда да дәрігерлерге сенбей, қорқып жүрдім. Бұрын балам күніне 7-8 түрлі дәрі ішетін. Оны көрген сайын жүрегім ауыратын. Өзімді кінәлі сезіндім. Ең қиыны адамдардың көзқарасы болды. Кейбіреулер бізден қорқып, жақындамауға тырысатын дейді”, – Гүлнара Калменова.
Шымкенттегі медициналық трагедиядан кейін қаншама отбасының шаңырағы шайқалды. Баласын емізетін аналар АИТВ-ті өздеріне жұқтырып, ерлі-зайыптылар арасында түсініспеушілік пайда болды. Кейбір адамдар бұл ауру тек жыныстық қатынас арқылы таралады деп ойлап, әйелдерінің адалдығына сенбей, отбасын тастап кетті. Кейбір отбасыларда енесі өз ұлының амандығын ойлап, шаңырақ шайқалды.
Фото: видеодан скрин
“Менің отбасымда мұндай жағдай болған жоқ. Бірақ сыныптасымның жолдасы қызының ауру жұқтырғанын естігенде жүрегі тоқтап қалған. Ал тағы бір таныс қыздың күйеуі оны үйінен қуып шықты. Бізге мемлекет тарапынан миллиондаған теңге өтемақы берілді. Кейбір отбасылар келінін баласымен бірге үйден қуып, өтемақы ақшасын өздері алып қалған жағдайлар да болды. Мұндай оқиғалар көп кездесті”, – дейді Гүлнара.
Гүлнара Калменова ұлына өзінің диагнозы туралы 15 жасында айтқан. Анасының айтуынша, ұлы бұл жаңалықты ауыр қабылдамаған. Керісінше, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дәрілерін уақытында қабылдап, емін үзбей жалғастырып келеді.
“Мен ешқашан өз жағдайымды ешкімнен жасырған емеспін. Кім сұраса да, ашық айтып келеміз. Себебі мен де, ұлым да ешқандай жамандық жасаған жоқпыз. Біздің басымыздағы жағдай жемқорлықтың салдары. Сондықтан ұялатындай немесе қысылатындай ештеңе жоқ. Бұрын ұлым күніне 8-9 түрлі дәрі ішетін, қазір екі дәрі қабылдайды. Соның өзіне шүкір. Заман дамып жатыр, медицина да алға жылжуда. Болашақта бұл аурудың толық емі табылатынына сенемін”, – дейді Гүлнара Калменова.
Жанетта Жазықбаеваның айтуынша, осы оқиғадан кейін көптеген ерлі-зайыптылар ажырасып кеткен. Себебі ол кезде көпшілік АИТВ тек жыныстық жолмен жұғады деп ойлаған.
“Негізінде балалар ауруханада вирусты қан құю кезінде немесе дұрыс залалсыздандырылмаған медициналық құралдар арқылы жұқтырған. Ал кейбір аналар баласын емізу барысында өздері де вирус жұқтырып алған. Мұны көп ер адамдар түсінбей, әйелдерін кінәлады. Алайда кейін сотта бұл әйелдердің кінәсіз екені дәлелденіп, олар өздерін ақтап шықты. Жемқорлық пен салғырттықтың салдарынан халық осындай ауыр жағдайға тап болды”, – дейді Жанетта Жазықбаева.
Вирус жұқтырған балалар қазір ата-ана атанып, өмірге сау перзент әкеліп жатыр.
“Араларында шаңырақ көтеріп, әке атанып жатқандары да бар. Әрине өзгелер секілді мұндай жандарға отау құру оңайға соқпайды. Себебі мұндай диагнозды әркім әртүрлі қабылдайды. Біз балалардың есейгенде қоғамнан шет қалмай өз орнын тауып, отбасылы болып, ұрпақ өрбіткенін қалаймыз. Сол себепті мамандарымыз балалар өскеннен кейін болашақ жарына өзінің статусын жеткізудің жолдарын қарастырып жатыр. Шындық екі жас бас қоспай тұрып айтылғаны дұрыс. Ата-аналарға да үнемі осыны айтып отырамыз. Яғни отбасы құру мәселесіне ата-ана да, бала да ертеден қолға алғаны абзал. Мен балалардың қанша уақыт өмір сүретінін білмеймін. Бір қуантарлығы қазір медицина айтарлықтай дамып жатыр. ЖИТС-пен ауыратын науқастарға берілетін препараттардың да сапасы әлдеқайда жоғарылаған. Дегенмен олардың қанша уақыт ғұмыры қалғанын мен де, дәрігерлер де айта алмайды. Бәрі бір Алланың қолындағы іс. Сондықтан оларға жалған үміт сыйлағым келмейді. Сол үшін балаларға ұдайы біреуді ұнатсаңдар көп уақыт өткізбей шындықты айтыңдар, ертерек отау құрыңдар деп айтып отырамын”, – дейді Жанетта Жазықбаева.
2006 жылы бұл оқиға болған кезде денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев еді. Жанетта Жазықбаеваның айтуынша, бұл жағдайға сол кездегі басшылықтың жауапсыздығы да әсер еткен. Алайда соған қарамастан, ол шенеуніктердің бір рет болса да вирус жұқтырған балалардың жағдайын сұрамағанына ренжулі.
Толығырақ Stan.kz YouTube арансынан көріңіздер!