Қазақстандық блогер Нұргелді Кердешті Моңғолия президенті ерекше құрметпен қабылдап алды

Астаналық танымал блогер Нұргелді Кердеш Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхпен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Блогер жағымды жаңалықты әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, кездесуден кадрлар жариялады.
Оның айтуынша, ол Моңғолия басшысымен әкесімен бірге жүздескен. Нұргелді Кердеш бұл кездесуді өз шығармашылығына көрсетілген ерекше құрмет деп бағалады.
"Бүгін әкем екеуіміз Моңғолия елінің президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхпен кездестік. Осындай жоғары лауазымды адамдар өнерімізді бағалайтынына өте қуаныштымыз", – деп жазды блогер.
Нұргелді Кердеш бүгінде әлеуметтік желідегі жылы әзілге, отбасылық құндылыққа және үлкенге құрметке құрылған контентімен кеңінен танылған. Ол көбіне әкесімен бірге бейнероликтер түсіріп, заманауи трендтерді қарапайым тұрмыстық юмормен ұштастырады. Осы ерекшелігінің арқасында оның парақшасы Қазақстаннан тыс жерлерде де танымал бола бастаған.
Блогер жазбасында Моңғолиядағы оқырмандарына да сәлем жолдап, жақын уақытта бұл елге баруды жоспарлап отырғанын айтты. Алайда кездесудің нақты қандай себеппен ұйымдастырылғаны және онда қандай мәселелер қозғалғаны туралы ресми мәлімет жарияланған жоқ.
Айта кетейік, 21 сәуірде Астанада Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхті салтанатты қарсы алу рәсімі өткен болатын. Осы сапар аясында қазақстандық блогердің Моңғолия басшысымен кездесуі көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Өрт сөндіргіш, дәрі қобдишасы, апат белгісі: 2026 жылы Қазақстанда көлікте қандай заттар болуы керек
Оқыңыз