Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талғарда 20 жастағы жігіт пышақ жарақатынан көз жұмды: Туыстары оған жабылып кеткенін мәлімдеді

Жігітті өлтіріп кетті
Фото: threads.com/@sheripzhaaaan

Әлеуметтік желіде “sheripzhaaaan” деген желі қолданушысы 20 жастағы інісіне оннан астам адам жабылып, пышақтап кеткені туралы жазды. Қайғылы жағдай 12 сәуір күні болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Автордың айтуынша, 20 жастағы Анвар Мұсаевқа бір топ адам жабылған. Сондай-ақ ол қылмыстың абайсызда емес, қасақана жасалғанын айтты.

“Оны қоршап алып, өзін қорғауға мүмкіндік бермеген. Ауыр пышақ жарақаттарынан ол оқиға орнында көз жұмды. Бізде болған оқиғаны дәлелдейтін бейнежазбалар бар. 30-дан астам куәгер де бар. Алайда соған қарамастан, қамауда тек бір ғана адам отыр. Қалған қатысушылар әлі де бостандықта жүр”, – деп жазды жазба авторы.

Сондай-ақ ол отбасына қысым көрсетіліп жатқанын айтты.

“Бізді "татуласу" туралы құжатқа қол қоюға және шағымнан бас тартуға мәжбүрлеп жатыр. Бұл – жауапкершіліктен жалтаруға жасалған әрекет. Біз үнсіз қалмаймыз.  Біз құқық қорғау органдарына жүгінеміз, осы істі жеке бақылауға алуларыңызды сұраймыз. Шабуылға қатысы бар барлық адамды анықтап, оларды ұстап, әділ әрі объективті тергеу жүргізуді және отбасымды қысымнан қорғауды талап етеміз”, – делінген жазбада.

Алматы облысы Полиция департаменті 12 сәуірде Гүлдала ауылындағы мейрамханалардың бірінде болған кісі өлтіру фактісі болғанын растап, адам өлімі және бұзақылық фактілері бойынша екі қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Жедел-іздестіру шаралары барысында 20 жастағы күдікті ұсталып, қамауға алынды. Сонымен қатар бұзақылық дерегі бойынша тағы үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот екі адамға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Кәмелетке толмағанға қатысты қылмыстық қудалау органы қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес бұлтартпау шарасын қолданды. Сондай-ақ оқиғаға қатысты барлық куәгерлер анықталып, олар қылмыстық іс аясында жауап алынды", – деп хабарлады полиция.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайы толық, жан-жақты және объективті түрде зерттеу үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Полиция барлық тараптардың уәждері мұқият тексеріліп жатқанын атап өтті.

Тергеудің барысын Алматы облысы полиция департаменті басшылығы ерекше бақылауына алды.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 22 Сәуір, 2026 10:41