Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұның маған мүлде қатысы жоқ": Жансая Әбдімәлік Асаубаевамен дауға қатысты пікір білдірді

Фото: 50chess.ru 

Қазақстандық шахматшы Жансая Әбдімәлік әріптесі Бибісара Асаубаевамен болған дауға қатысты өз ұстанымын айтты. Ол 2023 жылы Үндістандағы Гран-при кезеңінен бас тарту жеке шешімі болғанын айтып, сынға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kana Beisekeyev арнасына берген сұхбатына сілтеме жасап хабарлайды.

Жансая Әбдімәлік сұхбатта Нью-Делидегі Гран-при кезеңіне қатыспау туралы шешімін түсіндірді. Оның айтуынша, жеке турнир болғандықтан, ол ешкімнің алдында жауапты емес.

"Мен турнирден бас тарттым, Бибісараның неге наразы екенін түсінбеймін. Бұл жеке жарыс, мен ешкімді қиын жағдайға қалдырған жоқпын. Бар жауапкершілікті өзім аламын. Мені шақыра ма, шақырмай ма, ол да өз еркім. Негізі, мұның оған мүлде қатысы жоқ. “Ойнағың келсе – ойна”. Егер командалық жарыс болса, әрине, ел үшін, команда үшін ойнайтын едім", – деді шахматшы.

Дау 2023 жылдың наурызында әйелдер арасындағы ФИДЕ Гран-при кезеңінде туындаған. Әбдімәлік жарысты ұйымдастыру деңгейінің төмендігін (әуежайда қарсы алу, тұру жағдайы) алға тартып, қатысудан бас тартқан. Оны неміс шахматшысы Элизабет Петц те қолдаған.

Сол кезде Бибісара Асаубаева әріптесінің әрекетін спорттық емес деп бағалаған. Кейін ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович ұйымдастырудағы кемшіліктерді мойындап, қатысушылардан кешірім сұрады. Турнир жалғасып, Асаубаева 1-3 орындарды бөлісті.

Айта кетейік, Жансая Әбдімәлік – Қазақстан мен Орталық Азия тарихындағы ерлер арасындағы гроссмейстер атағын алған алғашқы әйел шахматшы. Ал Бибісара Асаубаева – блицтен екі дүркін әлем чемпионы және ең жас әйел гроссмейстерлердің бірі. Жеке келіспеушіліктерге қарамастан, екі спортшы да Қазақстан намысын халықаралық ареналарда қорғап келеді.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық шахматшы әлемге әйгілі гроссмейстермен суретке түсемін деп басы дауға қалды. Алуа Нұрман Германияда өткен Grenke Chess Open турнирінде әлем чемпионы Магнус Карлсенге қарсы ойнады. Партия алдында ол Карлсенмен суретке түсуге ниет білдіріп, екеуі бірге селфи жасаған. Алайда кейін Магнус Карлсен қазақстандық шахматшының қолында телефон болғанын айтып, төрешілерге шағым түсірген. Осыдан соң бақылау комиссиясы Алуа Нұрманның телефонын тәркілеген.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 22 Сәуір, 2026 10:24