Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда автомектептер техникалық тексерістен өтпеген көліктерді пайдаланып келген

Фото: pddtest.kz

Қазақстанда автомектептердің қызметі жаппай тексеріліп, бірқатар өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Содан кейін жүздеген оқу топтары жабылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ел бойынша қазіргі таңда 727 автомектеп жүргізушілерді даярлайды. Алайда тексеру барысында олардың бір бөлігінде оқу сапасына тікелей әсер ететін кемшіліктер бары белгілі болды. Атап айтқанда, автодромдарда жол белгілері мен таңбалар жеткіліксіз, жарықтандыру талапқа сай емес, ал кейбір оқу көліктері техникалық ақаумен пайдаланылған.

Сонымен қатар 59 оқу ұйымының жүргізуші даярлау кезінде міндетті техникалық тексеруден өтпеген әрі сақтандыру полисі жоқ көліктерді қолданғаны анықталған. Осыған байланысты 20 ұйғарым беріліп, заңбұзушылықтарды жою талап етілді.

Қабылданған шаралар нәтижесінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті автомектептердің 701 оқу тобының қызметін тоқтатты.

Автомектептердің қызметі "Автомектеп" ақпараттық жүйесі арқылы бақыланады. Бұл жүйе арқылы берілген куәліктердің заңдылығы, оқу сағаттары мен оқу көліктері онлайн режимде тексеріледі.

Айта кетейік, саладағы бақылауды күшейту мақсатында "Жол жүрісі туралы" заңға өзгерістер енгізу көзделген. Заң жобасы автомектептерді ашуды хабарлама тәртібінен рұқсат беру жүйесіне көшіруді және мемлекеттік бақылауды күшейтуді қарастырады. Қазір бұл бастама парламент мәжілісі қарауында.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар алғашқы жүргізуші куәлігін алуға өтінішті онлайн бере алатынын жазған едік. Жүйе қажетті құжаттарды автоматты түрде тексеріп, емтиханға жазылу процесін жеңілдетеді. Қызмет пилоттық режимде 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін іске асады.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 22 Сәуір, 2026 11:01