Павлодар облысында төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшағы апатты жағдайда қонды

Павлодар облысында "Қазавиаспас" тікұшағы мәжбүрлі түрде қонды, оқиғаның себептері анықталуда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан ТЖМ мәліметінше, оқиға іздестіру-құтқару операциясы кезінде болған. Тікұшақ 1950 жылы туған ер адамды іздеу үшін қолданылған. Ер адам балық аулау кезінде мотоцикл аударып, аяғын жарақаттап алған. Ер адамды іздеу жұмыстары шамамен бір тәулікке созылып, оған жердегі құтқарушылар мен еріктілер де қатысқан. Кейін ол табылып, медициналық көмек көрсетілді. Оның өміріне қауіп жоқ.
Іздеу барысында тікұшақ Байдалы ауылының маңындағы далаға, елді мекеннен бірнеше шақырым жерге мәжбүрлі түрде қонған. Бортта экипаж мүшелері мен құтқарушылар болған.
ТЖМ ресми өкілі Динара Нұрғалиқызының айтуынша, борттағы барлық адам аман, зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның себебі анықталып жатыр.
Көлік министрлігі де ақпаратты растап, тікұшақта барлығы 13 адам болғанын хабарлады (5 экипаж мүшесі және 8 жолаушы). Қаза тапқандар жоқ, зардап шеккендер бойынша мәлімет нақтылануда.
Оқиға адам шығыны жоқ авиациялық инцидент ретінде тіркеліп, тергеу басталды.
Ресейлік қыз қазақ отбасына келін болып түсті: Ол Қазақстан жайлы көзқарасы қалай өзгергенін айтты
Оқыңыз