75 жастағы әйел кафеде жанжал шығарып, кейін көз жұмды

АҚШ-та 75 жастағы әйел кафе қызметкерлерімен төбелесіп, арада бірнеше минут өткен соң жүрек талмасынан қайтыс болды. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Nypost.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
АҚШ-та 75 жастағы әйел кафеде жанжал шығарып, кейін жүрек талмасынан көз жұмды. Оқиға 13 мамыр күні Индиана штатындағы Форт-Уэйн қаласында орналасқан Tim Hortons кафесінде болған. 75 жастағы Анита Грейсон көлік жүргізушілерге арналған терезеден тапсырыс алып, оған көңілі толмай, мекеменің ішіне кіріп кеткен. Ол кассадағы 17 жастағы қызметкерді балағаттай бастаған.
Кафенің 20 жастағы менеджері әйелден шығуын сұрап, оған қол тигізгеннен кейін жанжал төбелеске ұласқан. Қарт әйел менеджерді бетінен ұрып, тырнап, көзілдірігін түсіріп жіберген. Кейін оны жерге құлатып, шашынан жұлған.
Оқиға орнына полиция шақырылған. Алайда тәртіп сақшылары келген кезде әйел ес-түссіз жатқан. Ол ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Кейін жарияланған бейнебақылау жазбасында төбелестен соң әйелдің үстелге отырып, біреуге қоңырау шалғаны, шамамен 10 минуттан кейін жерге құлап, есінен танып қалғаны көрінеді.
Марқұмның қызы анасының бұрыннан жүрек ауруымен ауырғанын айтқан. Әзірге шериф кеңсесі оқиғаға қатысты нақты қорытынды шығарған жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Веракрус штатында жерлеу рәсімі кезінде екі әйел марқұм ер адамның екеуімен де жасырын кездесіп жүргенін біліп, табыт жанында төбелес шығарған еді. Оқиға сәті видеоға түсіп, әлеуметтік желіде кең тарап, көпшіліктің қызу талқысына түскен.
"Жалаңаштанып айға қарап, рәсім жасайды": Батыс Қазақстандағы бір ауылдың тағдырын жат ағым қалай өзгертті?
Оқыңыз