Бос цех пен жұмыста жоқ 7 қызметкер: Қазақстанда компьютер өндірушісі ретінде тіркелген компания жалған қызмет атқарды деп айыпталды

Қазақстанда компьютер өндірушісі ретінде тіркелген компаниялардың бірінен өндіріс емес, бос цех табылды. Тексеріс кезінде ішінде бірнеше ғана құралы бар орында 7 қызметкер жұмыс орнында болмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Kozachkov offside Telegram арнасының мәліметінше, биыл 1 қаңтардан бастап мемлекеттік сатып алуларға қатысатын компьютер өндірушілері үшін Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі (ҚТӨТ) енгізілген. Бұған дейін олар Сенімді бағдарламалық қамтамасыз ету тізілімі арқылы жұмыс істеп келген.
Бұл тізімге екі жолмен кіруге болады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі немесе Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі арқылы. Алайда екінші министрлік талаптарды қатаңырақ қояды.
ҚТӨТ-ке компанияларды қабылдау процесіне Қазақстанның электрондық өнеркәсіп қауымдастығының басшысы Жәнібек Мұхамеджанов та қатысады. Кәсіпкерлердің айтуынша, ол кәсіпорындарды тексеріп, олардың тізілім талаптарына сай келетін-келмейтіні жөнінде қорытынды береді. Сонымен қатар ол Өнеркәсіп министрлігі арқылы тізілімге енген компанияларды шығаруды ұсынып, электрондық өнеркәсіп кәсіпорындары ҚТӨТ-ке тек Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі арқылы өтуі керек деген ұстанымда”, – делінген жазбада.
Басылымның жазуынша, ҚТӨТ-ке Qazaq Investment Company ЖШС-і де енген. Алайда бұл компанияның Қазақстанның электрондық өнеркәсіп қауымдастығы басшысы Жәнібек Мұхамеджановпен байланысы бар деген күмән айтылған. Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің қалай қалыптасқанына Бас прокуратура да назар аударған. Қадағалау органы екі министрлікке тізілімге енген компьютер өндіруші компанияларды тексеруді тапсырды.
“Осыдан кейін шенеуніктер Алматыдағы Q-Space ЖШС-ін барып тексерген. Құжат бойынша компания жылына 10 мың компьютер шығара алады және кемінде 12 технологиялық операция орындайды деп көрсетілген. Бұл шешім салалық комиссияның қорытындысына негізделген. Комиссия құрамында Жәнібек Мұхамеджанов та бар.
Алайда тексеру нәтижесі басқаша болды. Тексерушілер 220 шаршы метр бос цехты, ішінде бірнеше ғана құралды көрген. Ал тіркелген 7 қызметкер жұмыс орнында болмаған. Компания өкілдері өндіріс басқа жерде екенін, ол Qazaq Investment Company ЖШС-нен жалға алынатынын айтқан. Сонымен қатар жабдық та жалға алынғаны белгілі болды”, – делінген хабарламада.
ОқыңызБірақ бұл түсіндірме тексерушілерді қанағаттандырмады. Олар Бас прокуратураға жолдаған қорытындысында Q-Space компаниясын отандық компьютер өндіруші ретінде тануға негіз жоқ екенін көрсеткен. Кейін Бас прокуратура да компанияда өндірістік қызмет белгілері жоқ деп шешіп, оны тізілімнен шығару туралы тапсырма берген.
Тексеру барысында Qazaq Investment Company алаңдарын тағы үш компания да жалға алып отырғаны анықталды. Ресми дерек бойынша, бір өндірістік аумақтағы бес компанияның қуаты жылына 395 мың компьютерге дейін жетеді. Бұл күніне 1580, сағатына шамамен 200 компьютер деген сөз.
Алайда бұл көрсеткіштер мемлекеттік органдарды қанағаттандырған жоқ. Материалдар Қаржылық мониторинг агенттігіне де жолданды. Енді бұл компаниялардың қызметі құқық қорғау органдарының тексеруіне де түсуі мүмкін.
Ал күмәнді компаниялардың тізілімге қалай енгені және оған кім жауапты екені әзірге ашық сұрақ күйінде қалып отыр.
Ресейлік қыз қазақ отбасына келін болып түсті: Ол Қазақстан жайлы көзқарасы қалай өзгергенін айтты