Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда киік өнімдерін сатумен айналысатын мемлекеттік компания құрылады

киік

Фото: gov.kz

Сенат экология және экономиканың жекелеген салаларына қатысты заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Құжаттағы нормалардың бірі киікке қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Заң жобасына сәйкес, киік өнімі саудасын жүзеге асыратын оператор тағайындалып, оларды өткізу тәртібі белгіленеді. Киік өнімдеріне мүйізі, терісі, еті және басқа да бөліктері, солардан өндірілетін өнімдер жатады.

Сонымен қатар құжатқа Жер, Орман, Кәсіпкерлік, Экологиялық және Су кодекстеріне өзгерістер енгізіледі.

Заң саланы цифрландыру, қалдықтарды басқару, қайталама шикізатты қайта өңдеу, климаттық реттеу, "Қазгидромет" қызметі және экологиялық бақылау мәселелерін де қамтиды.

Атап айтқанда, түзетулер инвестициялық жобалар мен көмірсутектерді барлау жобалары бойынша экологиялық рұқсаттар мен қорытындыларды алу мерзімін қысқартуды көздейді. Бұл талап теңіздегі көмірсутек барлау жұмыстарына қолданылмайды.

Сонымен қатар құжатта мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу және қоғамдық тыңдаулар өткізу тәртібі нақтыланған.

Жергілікті әкімдіктерге коммуналдық қалдықтарды жинау, сұрыптау және көму орындарын ұйымдастыру құзыреті беріледі. Сонымен қатар қалдықтарды есепке алу және қайталама шикізатты қайта өңдеу жүйесін жетілдіру жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері жөніндегі оператордың (ӨКМ) функциялары кеңейеді. Енді ол мемлекеттік орман қоры аумағындағы өртті ерте анықтау жүйесін материалдық-техникалық қамтамасыз ету жұмыстарына қатыса алады.

Айта кетейік, бұған дейін биыл еліміз киік мүйізін экспортқа шығарып, сатуды бастайтыны туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 25 Маусым, 2026 11:14