Жастарға байлық шашып, оңай ақша культін дәріптеуге жол бермеу керек – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ пен әлеуметтік желілерде сән-салтанатты өмір салты мен оңай ақшаны насихаттауды сынға алды. Оның айтуынша, жастарға адал еңбек пен жоғары мәдениеттің үлгісі көрсетілуі керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысы БАҚ қызметкерлерін марапаттау рәсімінде жастарға жақсы нәрселер насихаттаудың маңыздылығын жеткізді.
"Көзге көрсетіп байлық шашуды және оңай ақша культін дәріптеуге жол беруге болмайды. Мұндай үрдіс жас ұрпақты дұрыс жолдан адастырып, олардың дүниетанымы мен өмірлік құндылықтарын бұрмалайды. Жастар медиа кеңістікте адал еңбек пен таза табыстың, жоғары мәдениеттің нақты үлгілерін көруі керек. Ал даңғаза ысырапшылдық пен мәнсіз бос өмірді емес", – деді ол.
Тоқаевтың пікірінше, қазіргі журналистер екі маңызды міндетті қатар атқаруы тиіс. Біріншісі – қоғамдағы жағдайды шынайы әрі объективті көрсететін бейтарап айна болу. Екіншісі – халықты ағартуға, елді дамуға жетелеуге ықпал ететін күшке айналу.
"Қазір біз біртұтас ұлт ретінде өркендеген, заманауи мемлекет құрып жатырмыз. Бірақ бұл ұлттық құндылықтарды ұмыту керек деген сөз емес. Халқымызға тән асыл қасиеттерді жаңғырту қажет. Мұны әр азамат, әсіресе жастар терең түсінуі керек", – деді президент.
Мемлекет басшысы мәдениеті жоғары елдің әлемде беделі мен абыройы да жоғары болатынын атап өтті. Оның айтуынша, шынайы мәдениет қарапайым қағидалардан басталады. Үйде де, қоғамда да әдеп сақтау, өзгелерді құрметтеу және өзін дұрыс ұстау керек.
"Қазақ халқы ешқашан әдеп шегінен аттамаған. Үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болған. Айналасындағы адамдарға жанашырлық танытып, сүрінгенге қол ұшын созған. Бұл – біздің шынайы болмысымыз. Сондықтан адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін немесе қауіпсіздігіне қатер төндіретін кез келген әрекетке жол берілмеуі тиіс.
Мен үнемі айтып келемін, біз озық ел ретінде дәстүрімізге негізделген өркениетті этикалық нормаларды қоғамда орнықтыруымыз керек. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту – аса маңызды міндет. Халық даналығында "Қалам елді түзейді" деген сөз бар. Біз журналистер қауымына үлкен үміт артамыз. Ақпарат саласының өкілдері ұлт сапасын арттыратын құндылықтарды насихаттауға белсенді атсалысуы керек", – деп қосты ол.
2026 жылы қазақстандықтар пәтер жөндеуге қанша қаражат жұмсайды
Оқыңыз