Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ЖСН, телефон, мекенжай: Коллекторлардан 16 миллион қазақстандықтың дерегі табылды

Коллекторлар ұсталды
Фото: Видеодан скриншот

Қазақстанда 16 миллионға жуық азаматтың жеке дерегі бар база тәркіленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Жетісу облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жетісу облысында миллиондаған қазақстандықтың жеке мәліметін заңсыз пайдаланған коллекторлық агенттіктің қызметі әшкереленді. Тергеу деректеріне сүйенсек, күдіктілердің қолында ел азаматтарының деректері жинақталған арнайы ақпараттық жүйе болған.

Полиция мәліметі бойынша, бұл базадан азаматтарды тегі, аты, әкесінің аты, ЖСН-і және ұялы телефон нөмірі арқылы іздеуге мүмкіндік болған. Құқық қорғау органдарының деректері бойынша, ақпараттық жүйеде Қазақстанның 16 миллионға жуық азаматына қатысты мәлімет сақталуы мүмкін.

Заңсыз әрекетті Жетісу облысы полиция департаментінің қызметкерлері прокуратура және ҰҚК департаментімен бірлесіп анықтаған. Жедел-іздестіру шаралары барысында деректер базасын ұйымдастыруға және пайдалануға қатысы бар деген күдікпен үш адам ұсталды.

Күдіктілердің тұрғылықты жері мен жұмыс орындарында санкцияланған тінту жүргізілді. Тергеу кезінде көп мөлшерде компьютерлік техника мен мобильді құрылғылар тәркіленді. Олар жеке деректерді сақтау және өңдеу үшін қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар тексеру шаралары үшін бірнеше адам ішкі істер органдарына жеткізілген.

Бұл дерек бойынша соталды тергеу басталды. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ құпия ақпараттың қайдан алынғанын және қалай таратылғанын анықтап жатыр.

Полиция азаматтардың жеке дерегін заңсыз жинау, сақтау, тарату және пайдалану Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін ескертті.

Еске салайық, былтыр жазда 16 миллион қазақстандықтың жеке дерегі интернетке тарап кеткен еді. Сол кезде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ақпараттың таралуы хакерлік шабуылдан немесе жүйені бұзудан болмауы мүмкін екенін мәлімдеген. Ведомство деректерге қол жеткізе алатын заңды аккаунттар арқылы мәлімет сыртқа шығарылған болуы ықтимал екенін айтқан. Тексеру кезінде тараған деректердің басым бөлігі 2022 жылы ұрланғаны анықталған.

Stan.kz
Жұма, 05 Маусым, 2026 12:40