Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық банк ұзақ үзілістен кейін базалық мөлшерлемені 17%-ға төмендетті

Қазақстан ұлттық банкі
Фото: Қазақстан ұлттық банкі

Қазақстан Ұлттық банкі ұзақ уақыттан бері алғаш рет базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа төмендетіп, жылдық 17%-ға дейін белгілеу туралы шешім қабылдады. 

Бұл ұзақ уақыттан бері жүргізіліп келген қатаң ақша-несие саясатынан кейінгі алғашқы жеңілдету қадамы.

Бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде ұстап, қатаң монетарлық саясатты кем дегенде 2026 жылдың ортасына дейін сақтауды жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді.

Ұлттық банктің мәліметінше, шешім кезекті болжамды раунд нәтижелеріне, макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған бағасына және инфляциялық тәуекелдердің теңгеріміне сүйене отырып қабылданған.

Реттеуші соңғы айларда инфляцияның біртіндеп баяулап келе жатқанын атап өтті. Өткен жылдың қыркүйегінде жылдық инфляция 12,9%-ға жетсе, биыл мамыр айында ол 10,4%-ға дейін төмендеген.

Азық-түлік бағасының өсу қарқыны да бәсеңдеп, 10,7% болды. Бұған жеміс-жидек пен көкөніс бағасының тұрақтануы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен импорттық өнімдер құнының баяу өсуі әсер еткен.

Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша инфляция 11,7% деңгейінде сақталды. Ұлттық банк мұны теңге бағамының нығаюымен және тұтынушылық несиелеудің баяулауымен байланыстырады.

Қызмет көрсету саласындағы баға өсімі де төмендеп, 8,7% болды. Бұл тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтерінің өсу қарқынының бәсеңдеуімен және сұраныстың тұрақтануымен түсіндіріледі.

Мамыр айында айлық инфляция 0,7%-ға дейін төмендеді. Сәуірде бұл көрсеткіш 0,8% болған. Сонымен қатар халықтың алдағы бір жылға арналған инфляциялық күтулері де аздап төмендеген. Мамыр айында бұл көрсеткіш 12,7% болды. Ал өткен жылы ол тұрақты түрде 13-14%-дан жоғары деңгейде сақталған еді.

Ұлттық банк әлемдік нарықтағы жағдайды да ескерген. Қазіргі таңда өсімдік майы, ет және астық бағасы өсіп жатқанымен, қант пен сүт өнімдерінің бағасы төмендеуде. Ресейде инфляцияның баяулауы байқалса, АҚШ пен Еуропада энергия ресурстарының қымбат болуына байланысты баға өсімін тежеу процесі баяулаған. Реттеуші мұнай бағасына қатысты болжамын да жақсартты. Енді Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы биыл бір баррель үшін 90 доллар деңгейінде болады деп күтіледі. Бұған Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістер әсер етіп отыр. Кейінгі жылдары мұнай бағасы біртіндеп төмендеп, 2027 жылы 75 долларға, ал 2028 жылы 65 долларға дейін түсуі мүмкін.

Осыған байланысты Ұлттық банк 2026 жылға арналған инфляция болжамын 9-11% аралығына дейін төмендетті. Бұған бағаның күткеннен жылдам баяулауы, қосылған құн салығының әсерінің шектеулі болуы және теңгенің нығаюы себеп болған. Реттеуші биыл инфляция бір таңбалы көрсеткішке дейін төмендейді деп күтеді. Ал 2027 жылы инфляция 5,5-7,5% деңгейіне дейін баяулап, 2028 жылы 5% мақсатты көрсеткішке жетуі мүмкін. Сонымен қатар Ұлттық банк 2026 жылға арналған экономикалық өсім болжамын жақсартып, жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,5-5,5% болады деп бағалады. Ал 2027-2028 жылдары экономика 3,5-4,5% аралығында өседі деп күтіледі.

Соған қарамастан реттеуші ақша-кредит саясатының қатаң бағыты толықтай жұмсармайтынын ескертті. Ұлттық банк инфляцияны бақылауда ұстау үшін алдағы шешімдер нақты экономикалық көрсеткіштер мен баға динамикасына қарай қабылданатынын мәлімдеді.

Келесі жоспарлы шешім 2026 жылғы 24 шілдеде жарияланады.

Ұлттық банктің түсіндіруінше, мөлшерлемені төмендету туралы шешім инфляция қарқынының біртіндеп баяулауына байланысты қабылданған. Алайда жылдық инфляция деңгейі әлі де жоғары болып қалып отыр.

Айта кетейік, Базалық мөлшерлеме – Қазақстан Ұлттық банкі екінші деңгейлі банктерге ақша беретін және олардан қабылдайтын негізгі пайыздық мөлшерлеме. Бұл көрсеткіш экономикадағы ақша құнына әсер етіп, несие мен депозит мөлшерлемелерінің, сондай-ақ инфляция деңгейінің қалыптасуына ықпал етеді. Базалық мөлшерлеме өскен кезде несиелер қымбаттап, депозиттердің табыстылығы артуы мүмкін, ал төмендеген жағдайда керісінше несие алу арзандай түседі.

Еске салсақ, бұған дейін 1 шілдеден бастап Қазақстанда ипотека рәсімдеу қиындайтыны туралы жазған едік. Енді банктер қарыз алушыларды қатаңырақ бағалай бастайды, сонымен қатар мөлшерлемелер мен төлем қабілетін есептеу тәсілі күшейтіледі. Тағы бір маңызды өзгеріс: банктер зейнетақы аударымдары арқылы расталған ресми табыстарды ғана есепке алады. Сонымен қатар енді табысты растаусыз немесе қосымша кепілсіз ипотека берілмейді.

Айым Атамбаева
Жұма, 05 Маусым, 2026 12:06