Астанадағы LRT жүйесіне жаңа атау берілді

Астанада жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесінің атауын "Тарлан Астана" деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында бастаманы ономастикалық комиссия бірауыздан қолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Досжан Исабек жеңіл рельсті көлік жүйесі енді "Тарлан Астана" деп аталатынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа атауды елорда тұрғындары, қоғамдық ұйымдар және Қазақстан Жазушылар одағының жергілікті филиалы ұсынған. Олар LRT аббревиатурасы күнделікті қолданыста мазмұндық мән бермейтінін айтып, ұлттық сипаттағы атау беру қажеттігін көтерген.
Талқылау барысында "Сұңқар", "Лашын", "Құлан" және "Аспан" сияқты нұсқалар қарастырылған. Нәтижесінде жылдамдықтың, қуаттың және сенімділіктің символы саналатын "Тарлан" атауына таңдау жасалған.
Қала билігінің пікірінше, жаңа атау Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасымен сабақтасып, елорданың танымал брендіне айналуы тиіс. Бұл тәжірибе Ванкувердегі SkyTrain немесе Өзбекстандағы Afrosiyob сияқты халықаралық көлік жобаларының атауларымен үндеседі.
Айта кетейік, Астанада LRT желісінде жолаушылардың қауіпсіздік ережелерін бұзу деректері тіркелді. Кейбір жолаушылар апаттық тежегіш түймесін негізсіз басып, вагон есіктерін ашуға әрекет жасаған. CTS мәліметінше, мұндай әрекеттер пойыз қозғалысының уақытша тоқтауына және кідірістерге себеп болған. Компания LRT жүйесі толық автоматтандырылғанын айтып, қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды. Тәртіп бұзушылар бейнебақылау арқылы анықталып, құқық қорғау органдарына жіберіледі.
Еске салайық, бұған дейін 16 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Astana LRT жобасын ресми түрде іске қосып, “Әуежай” станциясынан “Ұлттық музейге” дейінгі бағытта алғашқы жолаушы ретінде сапар жасады. Ұзындығы 22,4 шақырым болатын желіде жүргізушісіз 15 пойыз қатынайды. Жүйе толық автоматтандырылған және 18 станцияны қамтиды. Сонымен қатар LRT-ның Қосшы бағытына дейін созылатын екінші кезеңінің құрылысы басталатыны хабарланды.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр
Оқыңыз