Министрлер, әкімдер мен депутаттар халық үніне құлақ асуы керек – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі" атты халықаралық форумда сөз сөйледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сөз басында Тоқаев іс-шараға қатысу үшін Астанаға келген мәртебелі қонақтарға алғыс айтты. Ол форум күн тәртібі бойынша маңызды ойлар мен нақты ұсыныстар айтылғанын, Үкімет алдағы жұмысында оларды ескеруі қажет екенін атап өтті.
“Мемлекет пен қоғам тұтастығын нығайту – Қазақстан үшін алдыңғы қатардағы міндеттің бірі. Еліміз тұрақты дамуы үшін халық пен билік арасында өзара сенім және келісім болуы керек. Бұл – мызғымас қағида. Бірақ мұндай келісім өздігінен пайда болмайтыны анық. Қоғамдық келісім, бұл – көпқырлы табанды жұмыстың нәтижесі. Сондықтан мен Президент ретінде осы өте өзекті мәселеге баса мән беремін”, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын жүзеге асыра бастағанын алға тартты. Президент ашық диалог жүргізу, азаматтардың мұң-мұқтажын ескеріп, арыз-шағымына дер кезінде жауап беру елдегі түбегейлі өзгерістердің өзегі саналатынын айтты.
Президент бұл маңызды жұмысқа барлық деңгейдегі билік өкілдері, соның ішінде министрлер, әкімдер мен депутаттар белсенді қатысуы керек екенін айтты. Оның сөзінше, бұл – мемлекеттік қызметшілердің конституциялық міндеті.
“Соңғы жылдары мемлекетіміз аса ауқымды құқықтық және қоғамдық жаңғыру жолына түсті. Елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптаса бастады.
Біз өркениетті ел ретінде Заң мен тәртіп қағидатын ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналдыруымыз керек. Барша азаматтарға, әсіресе, жастарға заңды құрметтеу, заңға бағыну қажет екенін қарапайым тілмен жан-жақты түсіндірген жөн. Заңды қадірлеу, тәртіпті қолдау, бұл – әр адамның жарқын өміріне жол ашатын маңызды шарт.
Жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституциямызда осы негізгі қағидат туралы анық жазылды.
Қазақстанның Бас құжаты – барша азаматқа тең мүмкіндік беретін әділетті қоғамның мызғымас тұғыры. Адам және оның өмірі – еліміздің Ата заңына арқау болған басты құндылық”, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мемлекеттің басты міндеттері ретінде айқындалды.
“Түптеп келгенде, жаңа тұрпатты ел болу жолындағы әрбір реформа, ең алдымен, халықтың қалауымен, жұртшылықтың тікелей қолдауымен жасалады. Әрине, мұның барлығы бір сәтте жүзеге аспайтыны белгілі”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол қоғам мен мемлекет арасында диалогтың мүлде жаңа форматы қалыптасқанын еске салды.
“Өздеріңізге мәлім, мен 2019 жылы әкімшілік әділеттің жаңа үлгісін қабылдау қажеттігі жөнінде айттым. Бұл азаматтарымызды және кәсіпкерлерді билік өкілдерінің заңсыз әрекеттерінен қорғау үшін жасалған аса маңызды қадам болды. Ал 2021 жылы елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді. Мемлекет пен қоғам арасындағы байланысқа тың серпін берген "е-Өтініш" онлайн платформасы іске қосылды, яғни, азаматтардың өтініштерін мейлінше ашық әрі тиімді қарап, жедел шешім қабылдау тәсілі қалыптасты”, – деді ол.
Президенттің айтуынша, бұл жүйе бюрократиялық кедергілерді азайтуға және қоғамдық пікірді ескеруге кең мүмкіндік берді.
“Бұдан бөлек, бұл жүйе бюрократиялық кедергілерді азайтуға және жұртшылықтың ой-пікірін ескеруге мол мүмкіндік берді. Осылайша, халық пен билік өкілдерінің қарым-қатынасы мүлде жаңа сипатқа ие болды. Соңғы бес жыл ішінде мемлекеттік органдарға шамамен 16 миллион өтініштің келіп түсуі – соның айқын көрінісі”, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр