Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Freedom Broker "Қазақтелеком" акциялары құлдырайды деп болжады

Қазақтелеком
Фото: Gov.kz

“Қазақтелекомның” 2026 жылғы бірінші тоқсаны бойынша қаржылық есебін Freedom Broker сарапшылары біршама теріс бағалады. Компанияның кірісі аздап өскенімен, маржалық көрсеткіштері былтырмен салыстырғанда төмендеген. Тоқсан қорытындысында компания таза шығынға ұшырады. Бұған, негізінен, теңгенің күрт нығаюы әсер еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Дегенмен қазір теңгенің әлсіреуі бірінші жартыжылдықтағы жалпы таза пайдаға оң ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар күрделі шығындардың айтарлықтай артуы ақша ағынына қысым түсірген.

Сарапшылар бағалау моделіндегі негізгі қаржылық көрсеткіштерді жаңартып, күрделі шығындарға қатысты болжамды нашарлатқан. Сонымен бірге өсімі төмен болған кейбір шығыс баптары бойынша болжам жақсарған. Нәтижесінде “Қазақтелекомның” бір акциясына арналған мақсатты баға 37 900 теңгеден 38 200 теңгеге дейін көтерілді. Қазіргі баға 8%-ға артық бағаланған деп есептеледі. 

Бағалауға әсер ететін негізгі факторлар

Компания үшін басты тәуекел – кіріс өсімі баяу болған кезде өзіндік құнның жылдам артуы және соның салдарынан маржаның қысқаруы. Жалпы маржа 3,6%-дық тармаққа төмендеген. Бұған персонал шығындарының өсуі, мобильді құрылғыларды сату құнының артуы және инфрақұрылымдық шығындардың көбеюі әсер еткен.

Сонымен қатар компанияның қарыз жүктемесі де ұлғайып отыр. Күрделі шығындар жоғары деңгейде сақталған. Бұл Kcell арқылы 5G желісін кеңейту және цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмыстарымен байланысты.

Бағалауға қолдау көрсететін негізгі факторлардың бірі – МТС-ті сатудан түсетін 167 млрд теңге көлеміндегі шартты сыйақы. Алайда бұл активтің де тәуекелі бар. Себебі катарлық Power International Holding тарапынан төленуге тиіс 400 млн доллар үш жылға бөлінген және мәміленің белгілі бір шарттарының орындалуына тәуелді.

Қосымша қолдау факторы ретінде радиожиіліктерді пайдаланғаны үшін төлемнің 90%-ға төмендеуі аталып отыр. Дегенмен оның нақты әсері шектеулі: тоқсандық үнем шамамен 2 млрд теңге деңгейінде бағаланады.

Кіріс өсті, бірақ тіркелген байланыс сегменті әлсіреді

Бірінші тоқсанда компанияның кірісі 140,5 млрд теңге болған. Бұл былтырдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,8%-ға көп. Мемлекеттік субсидия мен жалға беруден түскен табысты қоса есептегенде жалпы кіріс шамамен 143 млрд теңгеге жетті. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 3,4%-ға жоғары.

Өсімнің негізгі бөлігі мобильді сегменттің, яғни Kcell көрсеткіштерінің жақсаруымен байланысты. Оның сыртқы кірісі 13%-ға өсіп, 65 млрд теңгеге жеткен. Ал тіркелген байланыс сегменті, керісінше, 1,2%-ға төмендеп, 75,4 млрд теңге болған.

Қызмет түрлері бойынша өсімге мобильді құрылғылар сатылымы, желіаралық қосылу қызметтері және деректерді беру қызметтері көбірек үлес қосты. Мобильді құрылғылар сатылымы 35%-ға, желіаралық қосылу қызметтері 15%-ға, деректерді беру қызметтері 3,1 %-ға өскен. Ал сымды және сымсыз телефон байланысынан түсетін табыс 1,2%-ға азайған. Бұл тіркелген телефон байланысының құрылымдық тұрғыда әлсіреп келе жатқанын көрсетеді.

Шығын өсті, маржа қысқарды

Компанияның өзіндік құны 8,2%-ға өсіп, 115,5 млрд теңгеге жеткен. Бұл кіріс өсімінен айтарлықтай жоғары. Негізгі себептердің бірі – персонал шығындарының 24%-ға артуы. Сондай-ақ мобильді құрылғылар сатылымының көбеюіне байланысты олардың өзіндік құны да 39%-ға өскен.

Бұл қысымды радиожиіліктер үшін төлемнің төмендеуі біршама жұмсартқан. Аталған төлем 35%-ға азайып, тоқсан қорытындысында 4,2 млрд теңге болды. Нәтижесінде жалпы маржа былтырғы 22,7%-дан 19,1%-ға дейін төмендеді.

Жалпы және әкімшілік шығындар 5%-ға қысқарып, 8,8 млрд теңге болды. Бұл операциялық деңгейдегі қысымды ішінара азайтты. Бір реттік факторларды есептемегенде, түзетілген операциялық пайда 19,4 млрд теңге болды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш салыстырмалы түрде 18,6 млрд теңге болған. Сарапшылардың есебінше, түзетілген EBITDA маржасы 35%-дан 32%-ға дейін төмендеген.

Таза шығын және ақша ағынының әлсіреуі

Қаржылық шығындар қарыз портфелінің ұлғаюына байланысты 23%-ға өсті. Ал қаржылық кірістер 17%-ға төмендеген. Таза валюталық шығын 8,9 млрд теңге. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 19,2 млрд теңге болған.

Теңгенің долларға қатысты нығаюы топтың валюталық активтері мен міндеттемелерін қайта бағалауға әсер етті. Нәтижесінде компания тоқсанды 0,7 млрд теңге таза шығынмен аяқтады. Ал бас компания акционерлеріне тиесілі таза шығын 2,3 млрд теңгеге жетті.

Сарапшылар есебі бойынша, түзетілген таза шығын 3,7 млрд теңге болды. Былтыр осы кезеңде компания 9,6 млрд теңге таза пайда көрсеткен еді.

Операциялық қызметтен түскен ақша ағыны 71%-ға төмендеген. Бұған ең алдымен кредиторлық берешектің азаюы және төленген пайыздардың 50%-ға өсуі әсер еткен. Күрделі шығындар жоғары деңгейде сақталып, 68,1 млрд теңге болды. Бұл былтырмен салыстырғанда 21%-ға көп.

Осының салдарынан тоқсандық еркін ақша ағыны шамамен минус 63 млрд теңге болды. Былтыр бұл көрсеткіш минус 39 млрд теңге деңгейінде еді. Наурыздың соңында компанияның ақша қаражаты мен қысқамерзімді қаржылық активтері 145 млрд теңге болды. Бұл көрсеткіш МТС сатылымынан кейін қалыптасқан ұзақмерзімді қаржылық активтерді есепке алмайды. Ал осы активтерді ескергендегі таза қарыз тоқсан ішінде 64 %-ға өсіп, 161 млрд теңгеге жетті.

Сарапшылар пікірі

Сарапшылар бірінші тоқсан есебі компанияға қатысты негізгі тәуекелдерді растады деп есептейді. Олар – кірістің баяу өсуі, өзіндік құнның жылдам артуы, маржаның қысқаруы, қарыз жүктемесінің көбеюі және 5G мен цифрлық инфрақұрылымға байланысты күрделі шығындардың жоғары деңгейде сақталуы.

Соған қарамастан, МТС-ті сатудан түсетін шартты сыйақы компания бағасына қолдау көрсететін басты фактор болып қала береді. Радиожиілік төлемінің төмендеуі де маржаны белгілі бір деңгейде қолдап отыр.

Жаңартылған бағалау нәтижесінде “Қазақтелеком” АҚ-ның бір акциясына арналған мақсатты баға 38 200 теңге болып белгіленді. Бұл қазіргі бағаның 8%-ға артық бағаланғанын көрсетеді. Сарапшылар ұсынымды өзгеріссіз қалдырды – “ұстау”.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 05 Маусым, 2026 12:25