Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада инвестицияны үйреткен сарапшы 110 миллион теңгелік алаяқтық үшін сотталды

Ильяр Интизамов
Фото: Ильяр Интизамов желідегі архивінен

Астанада өзін қаржы және инвестиция саласының маманы ретінде таныстырып келген Ильяр Интизамов алаяқтық жасағаны үшін 5,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу мәліметінше, ол үш адамды алдап, 110 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналист Михаил Козачков өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында өзін қаржы және инвестиция саласының маманы ретінде таныстырып келген Ильяр Интизамовқа қатысты сот үкімі шыққанын жазды.

Оның мәліметінше, Астана қаласының соты 31 жастағы Ильяр Интизамовты алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныған. Интизамов "AgroPulse" ЖШС-нің бас директоры болған және ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы ретінде БАҚ-қа жиі пікір беріп, астық бағасы мен нарықтағы ахуал жөнінде болжамдар жасап жүрген.

Сондай-ақ ол қаржылық сауаттылық бойынша курстар өткізіп, инвестициялау, қаражатты тиімді басқару және жинақ жасау туралы шеберлік сабақтарын ұйымдастырған. Бұдан бөлек, "Шаг к удаче" атты жеке компаниясының да болғаны айтылды.

Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылы ол кемінде үш адамды алдап, ірі көлемдегі қаражатты иемденген.

Бірінші жағдайда Интизамов кәсіпкерлердің ортақ чатындағы танысынан бизнес-жобаға қажет екенін айтып, 8 миллион теңгеден астам қаржы қарызға алған, алайда ақшаны қайтармаған.

Екінші эпизод бойынша ол аграрлық саладағы танысынан 86 миллион теңгеден астам қаражат алған. Бұл сомаға өзінің пәтерін беруге уәде еткенмен, кейін мәмілені жұбайы мақұлдамағанын айтып, мүлікті рәсімдеуден бас тартқан.

Үшінші жағдайда айыпталушы сол пәтерді тағы бір адамға сатуға әрекет жасаған. Сатып алушыдан алдын ала төлем алып, оны банк алдындағы міндеттемені жабуға пайдаланған. Кейін банкке қайта барып, жасалған операцияны тоқтатып, ақшаның басым бөлігін қолма-қол шешіп алғаны анықталған.

Сот барлық эпизодтар бойынша оны кінәлі деп танып, 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар сотталған азамат жәбірленушілерге 110 миллион теңгеден астам шығынды өтеуге міндеттелді.

Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Қызылорда қаласының 32 жастағы тұрғыны интернет арқылы алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Тергеу мәліметінше, ол сыбайластарымен бірге Instagram желісінде жалған парақша ашып, азаматтарға инвестициядан жоғары табыс табуға уәде берген. Нәтижесінде еліміздің әр өңірінен 154 адам алданған. Келтірілген шығын көлемі шамамен 12 миллион теңгені құрады. Сот шешімімен күдікті 3 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Айым Атамбаева
Жұма, 05 Маусым, 2026 10:56