Биыл жыл басынан бері 6 мыңнан астам Қытай азаматы Қазақстанда еңбек етуге рұқсат алған
Қазақстанда шетелдік жұмыс күшіне сұраныс артып келеді. Жыл басынан бері 12,5 мыңнан астам шетел азаматына елде жұмыс істеуге рұқсат берілген. Олардың ішінде ең көбі – Қытай азаматтары. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қытайдан келген 6 мыңнан астам адам Қазақстанда еңбек етпек. Шетелдік мамандардың едәуір бөлігі құрылыс, тау-кен өндірісі, ауыл, балық және орман шаруашылығы салаларына тартылып отыр.
Қазір Қазақстанда 175 мыңнан астам шетел азаматы ресми түрде еңбек етіп жүр. Олардың басым бөлігі Алматы облысында, Алматы қаласында және Түркістан облысында тіркелген.
Шетелдік жұмысшылардың қатарында қарапайым жұмысшылармен бірге жоғары білікті мамандар мен басшылық қызметке шақырылғандар да бар. Мәселен, жыл басынан бері шетелден бірінші басшы және оның орынбасары қызметіне 212 адам, бөлім басшылығына 1 231 маман тартылған. Ал түрлі салаларда маман ретінде 2 мыңнан астам шетелдік жұмыс істеуге келген.
Шетелдік мамандарды жұмысқа тарту екі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бір жағдайда жұмыс беруші саналатын заңды тұлғаларға, екіншісінде жеке тұлғаларға арнайы рұқсат беріледі.
Шетелдік еңбек күшінің арасында Қытай мен Өзбекстан азаматтары басым. Сонымен қатар Түркия, Сербия және Таиландтан келген мамандар да бар. Мәселен, Жетісу облысында шетелдік мамандарды тартуға 46 жұмыс берушіге рұқсат берілген. Олардың басым бөлігі тау-кен саласында жұмыс істейді. Қазір өңір кәсіпорындарында тәжірибесімен бөлісіп, жергілікті экономикаға үлес қосып жүрген 332 шетелдік маман бар.
Ал жеке үйлерде жұмыс істейтін еңбек мигранттарының саны бұдан да көп.
Шетелдік азаматтар негізінен елдегі маман тапшылығын толықтыру және еңбек нарығындағы сұранысты қамтамасыз ету үшін тартылады. Осы мақсатта жыл басынан бері қосымша 21,5 мың квота бөлінген. Берілген квотаның басым бөлігі Қытай азаматтарына тиесілі. Мамандардың пікірінше, бұған Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобаларының көбеюі де әсер етіп отыр. Екі ел арасындағы өндірістік және инфрақұрылымдық жобалар артқан сайын, оларды жүзеге асыру үшін Қазақстанға шетелдік жұмысшылар мен мамандар да көбірек тартылып жатыр.
Айта кетейәк, бұған дейін Қазақстанда тағы бір қытайлық банк пайда болатыны туралы жазған едік.
Балалар құсып, іші өтіп жатыр: Қазақстанда инфекция таралып жатыр ма?
