Қытайлық туристің "қазақстандық полиция әдейі тоқтатты" деген видеосына жауап берілді
Журналист Михаил Козачков әлеуметтік желідегі парақшасында қытайлық туристің Қазақстанда көлік жүргізіп жүрген кезінде түсірген видеосын жариялады. Видеода шетел азаматын патрульдік полиция қызметкері жол ережесін бұзды деген себеппен тоқтатқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанда көлікпен саяхаттап жүрген қытайлық турист жолдағы оқиғаны видеоға түсіріп алған. Кадрлар Қытайдың әлеуметтік желілерінде тарап, қолданушылар арасында қызу талқыланып жатыр.
Видеода ер адамды жол полициясы трассада көлікті тыйым салынған жерде басып озды деген себеппен тоқтатады. Алайда турист өз әрекетінде жол ережесін бұзбағанын дәлелдей алған. Видеода жолдағы бір көлік салыстырмалы түрде баяу қозғалып, оны басып озған сәтте полицейлер тоқтатқанын көруге болады. Турист оқиғаның мән-жайын дәлелдеуге TikTok-тағы видеоны пайдаланған.
Жамбыл облысының полиция департаменті әлеуметтік желілерде тараған қытайлық туристің видеосына қатысты түсініктеме берді.
Полиция мәліметінше, шетел азаматының видеосы бойынша тексеру жүргізілген. Блогердің жолдағы жағдайды әдейі арандатушылық сипатта көрсеткені туралы уәждер расталмаған.
Тексеру барысында шілде айында Жамбыл облысындағы республикалық маңызы бар автожолда патрульдік полиция қызметкері шетелдік азамат басқарған көлікті тоқтатқаны анықталған. Жүргізуші алдында келе жатқан көлікті басып озуға әрекет жасаған. Осыған байланысты полицей жолдың аталған бөлігінде басып озуға тыйым салынғанын түсіндірген.

Полиция жағдайға тілдік кедергі себеп болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сонымен қатар басқа жүргізушінің немесе полиция қызметкерлерінің әрекеті қасақана жасалғанын дәлелдейтін фото, видео және өзге де материалдар анықталмаған.
Ведомство шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік бар екенін еске салды.
Сонымен бірге полиция туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән беретінін атап өтті. Патрульдік полиция қызметкерлеріне жолдағы өзара құрмет пен шетелдік азаматтарға қажетті көмек көрсету жөнінде бағыт-бағдар берілген.
Еске салайық, бұған дейін Түркістанда жол ережесін өрескел бұзған жүргізушіні тоқтатуға тырысқан патрульдік полиция экипажы жол апатына ұшыраған еді. Апат салдарынан полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков оқиға орнында қаза тапты. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, жол апатының мән-жайы анықталып жатыр.
Балалар құсып, іші өтіп жатыр: Қазақстанда инфекция таралып жатыр ма?