ҚАТЗУ мен Қытай ғылым және техника қауымдастығы ғылыми ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады

2026 жылғы 2 қыркүйекте С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетіне Қытай ғылым және техника қауымдастығының (CAST) және Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің делегациясы келді.
Қытай делегациясын Қытай ғылым және техника қауымдастығы партиялық тобының президенті, күнделікті жұмысты үйлестіруші төраға орынбасары, Хатшылықтың бірінші хатшысы Хэ Цзюнькэ бастап келді. Кездесуге сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь және қытайлық делегация өкілдері қатысты.

ҚАТЗУ тарапынан Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА академигі Қанат Тіреуов, Басқарма мүшесі – Provost Роза Әбішева, профильдік департаменттердің басшылары, институт директорлары және университет өкілдері қатысты.
Кездесуді ашқан Қанат Тіреуов университеттің ғылыми-зерттеу әлеуетімен таныстырып, ҚАТЗУ-дың Қытайдың көптеген университеттерімен және ғылыми ұйымдарымен белсенді ынтымақтастық орнатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жинақталған тәжірибе жаңа бірлескен зерттеулер мен тәжірибеге бағытталған жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

Хэ Цзюнькэ ауыл және орман шаруашылығы, мал шаруашылығы мен ирригация салаларындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Ол қытай тарапының бірлескен ғылыми бастамаларды дамытуға, тәжірибе алмасуға және екі елдің ғылым мен білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.

Келіссөздер барысында тараптар бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, зертханаларды дамыту, мамандар алмасу және академиялық ұтқырлық мәселелерін талқылады. Қуаң өңірлердегі ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізуге ерекше назар аударылды.
Бұл кездесу алдағы уақытта ҚАТЗУ мен қытайлық серіктестер арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатын болады.

Сапар аясында делегация ҚАТЗУ-дың ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен танысып, TIKA зертханасы мен Агротехнопаркке ат басын бұрды. Қонақтарға университеттің қолданбалы ғылыми зерттеулері мен инновациялық әзірлемелері таныстырылды.
Балалар құсып, іші өтіп жатыр: Қазақстанда инфекция таралып жатыр ма?