Инвесторлардың ұлттық тізіліміне енген кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетіледі: Бас прокуратура түсіндірді

Бас прокуратура Инвесторлардың ұлттық тізіліміне енген кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілетінін түсіндірді. Сонымен қатар ведомство тізілімге кірмеген бизнес өкілдерінің де құқықтары прокуратураның қорғауында болатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Арман Хасеновтың айтуынша, былтыр жылдың соңында құрылған комитет Инвесторлардың ұлттық тізіліміне енгізілген кәсіпкерлерді сүйемелдеумен айналысады. Осы мақсатта инвестициялық жобалар, оның ккөлемі және олар туралы мәліметтер жинақталған цифрлық дерекқор жасалған.
Тізілімге қалай кіруге болады?
Тізілімге ену үшін инвестор дайын жобасын ұсынып, Kazakh Invest немесе Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті сияқты уәкілетті ұйымдардың қолдауын алуы және жоба төлқұжатын рәсімдеуі қажет.
Сонымен қатар бастама инвестордың өзінен шығуы тиіс.
“Ең алдымен бұл – инвестордың бастамасы. Ол әкімдіктерге, Kazakh Invest ұйымына немесе Инвестициялар комитетіне жүгіне алады”, – деді Арман Хасенов.
Ерекше мәртебе алу үшін кемінде 1,1 миллион доллар инвестиция қажет
Арман Хасеновтың айтуынша, ұлттық тізілімдегі инвесторлар екі топқа бөлінеді: ұлттық және өңірлік.
Ұлттық деңгейдегі топқа инвестиция көлемі 150 мың айлық есептік көрсеткіштен асатын жобалар енгізіледі. Қазіргі есеп бойынша бұл шамамен 1,1 миллион доллар немесе 570 миллион теңгеден астам қаражатқа тең.
Ал инвестиция көлемі бұдан аз кәсіпкерлер де өңірлік әкімдіктер жанындағы комиссиялар арқылы тізілімге ене алады. Олар үшін ең төменгі инвестиция көлемі белгіленбеген.
“Кез келген инвестор кез келген жобамен жүгіне алады. Оның жобасы әкімдік алаңдарында қаралып, инвестор мәртебесі берілген жағдайда тізілімге енгізіледі”, – деді Бас прокуратура өкілі.
Инвесторлар саны бір жарым есеге жуық өсті
Комитеттің мәліметінше, ұлттық тізілімді толықтыру жұмыстары жалғасып жатыр. Егер өткен жылдың желтоқсанында тізілімде шамамен 1 900 инвестор болса, қазір олардың саны 3 300-ге жеткен.
Сонымен қатар Хасенов ұлттық тізілімге кірмеген кәсіпкерлер де прокуратураның қорғауынсыз қалмайтынын айтты.
Олардың құқықтарын прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі қадағалайды. Бұл құрылым заңсыз тексерулер, әкімшілік кедергілер және бизнеске қысым көрсету фактілерімен айналысады.
“Біздің комитет Инвесторлардың ұлттық тізіліміне енген инвесторлардың құқығын қорғау үшін арнайы құрылған. Дегенмен кәсіпкерлердің құқықтарының сақталуын қадағалау прокуратураның негізгі міндеттерінің бірі болып қала береді”, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан шетелдік инвесторлар мен мамандар үшін көші-қон талаптарын жеңілдететіні туралы жазған едік.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр
Оқыңыз