Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шай құймаймын, сәлем салмаймын, бір рет те тамақ пісірмедім": Түрікке тұрмысқа шыққан қазақ келіні енесімен қарым-қатынасы туралы айтты

 

Түрікке тұрмысқа шыққан
Фото: Жеке архиві

Желіде 33 жасында түрік азаматына тұрмысқа шыққан қазақстандық әйелдің видеосы көпшілікті таңғалдырды. Дина Тоқтарбаева қазір Солтүстік Македонияда тұрады. Ол желіде түрік отбасындағы келіндік өмірін көрсетіп, енесінің өзіне қалай күтім жасайтынын көрсетеді. Сәлем салу, шай құю деген міндеттерді атқармайтын келін Stan.kz тілшісіне Дина түрік азаматына қалай тұрмысқа шыққанын, енесімен қарым-қатынасын,шетелдегі өмірі туралы айтып берді.

Дина Тоқтарбаева Талдықорғанға жақын орналасқан Қоғалы ауылында дүниеге келген. Алайда мектепті интернатта оқып, жоғары білімді Алматыда алған. Кейін Атыраудағы Теңіз кен орнында алты жыл жұмыс істеген.

"Менің мамандығым ағылшын және түрік тілдерімен байланысты, яғни шет тілдері бойынша білім алдым. Университетті тәмамдаған соң Атырауда, Теңізде алты жыл жұмыс істедім. Қазір түрік тілінен онлайн сабақ беремін. Жолдасыммен де 2020 жылы Атырауда жұмыс істеп жүрген кезімде таныстым. Екеуіміз де құрылыс компаниясында қызмет еттік. Жолдасым – түрік азаматы, Ыстамбұлда туып-өскен. 1984 жылғы. Ол Қазақстанда шамамен жеті жыл жұмыс істеді", – деді Дина.

Оның айтуынша, болашақ жары екеуі бір компанияда жұмыс істегенімен, бірден жақын араласып кетпеген. Олар коронавирус пандемиясы кезінде ортақ жұмысқа байланысты сөйлесе бастаған.

"2020 жылы бізге ортақ бір жұмыс берілді. Ол өте үлкен компания еді, онда шамамен 5 мың адам жұмыс істейтін. Мен ол кісіні оған дейін екі жыл бойы мүлдем көрмеген едім. Бірақ ол мені сырттай көріп, біліп жүрген екен. Коронавирус кезінде екеуімізге ортақ жұмыс берілді. Сол жұмыс барысында жақынырақ таныстық. Менің сұрақтарым болса, WhatsApp арқылы оған жазатынмын, ол да маған жазатын. Сөйтіп сөйлесіп кеттік. Бәрі өзінен-өзі, біртіндеп басталды. Арнайы бір жағдай болған жоқ, жай ғана сөйлесіп жүріп араласып кеттік. Қарым-қатынасымыз осылай басталды", — деді ол.

“Алматыдан үй алуыма көмектесіп, ауырғанда жанымнан табылды”  

Дина ешқашан шетелдікке тұрмысқа шығамын деп ойламаған екен. Дегенмен адамдарды ұлтқа бөлмегенін де жасырмады. Айтуынша, жолдасының оған деген қамқорлығы оның жүрегін жаулаған себептердің бірі болған.

"Алматыдан пәтерді құрылыстың бастапқы кезеңінде алып, 20 пайызын төлеген едім. Кейін жұмыссыз қалып қалдым. Сол кезде маған: “Не 20 пайызды қайтарып ал, не тағы 30 пайыз төлеуің керек” деді. Сол 30 пайызды жолдасым төлеп берді. Кейін пәтердің жөндеу жұмыстарын толық жасатып, үйге қажетті дүниелердің бәрін алып берді. Одан бөлек, денсаулығыма байланысты екі рет операция жасатуым керек болды. Пәтердің қалған ақшасын жинаймын деп, денсаулығыма көңіл бөлмей жүрген едім. Сол кезде жолдасым операцияларыма да қаржылай көмектесті. Ол маған iPhone сияқты қымбат сыйлықтар алып бере беретін адам емес. Керісінше, мен үшін маңызды сәттерде нақты көмек көрсетіп, қолдау білдірді. Қиын кезде жанымнан табылып, ортақ мәселеге араласты. Мен үшін оның осындай әрекеттері өте маңызды болды", – дейді Дина.

Түрікке тұрмысқа шыққан
Фото: Жеке архиві

Оның айтуынша, жолдасының мінезі де өзіне ұнайды. Ол өте жұмсақ мінезді әрі жануарларды қатты жақсы көреді.

"Үйімізде балапандар бар, тауықтың балапандарымен де өзі айналысады. Жұмыртқаларды арнайы аппаратқа салып, балапан шығарады. Түркиядағы үйімізде де жануарлардың бәрі бар: итіміз, мысығымыз, тасбақамыз, кірпі де бар. Маған оның жануарларды жақсы көретіні қатты ұнайды. Өйткені мен өзім де жануарларды өте жақсы көремін", – дейді ол.

"Төрт жасымда ата-анам ажырасып кетті"

Динаның айтуынша, оның бала күнінен отбасынан бөлек өсуі қазіргі өміріне де әсер еткен.

"Мен төрт жаста болған кезде анам мен әкем ажырасып кетті. Әкесіз өстім. Кейін анам жұмыс істеуі керек болды. Біз үш баламыз. Сондықтан мен интернатта оқыдым. Жалпы, он жыл бойы интернатта білім алдым. Одан кейін Алматыда студент болған кезімде де отбасымнан алыста тұрдым. Сондықтан мен әрқашан сыртта жүруге үйреніп қалғанмын. Туыстарыма қатты бауыр басу деген менде жоқ. Бір үйде бірге өспегеннен кейін, жақындық та қалыптаспады. Мысалы, құрбыларымды көремін. Олар анасымен бір күн телефон арқылы сөйлеспесе немесе апта сайын үйіне бармаса, жылап, сағынып жатады. Менде ондай жоқ. Бұл да интернатта өскенімнің әсері деп ойлаймын. Сондықтан алысқа кетсем де, маған қиын емес”, – деп қосты Дина.

Шәй құймайды, сәлем салмайды келіндік өмір
Фото: Жеке архиві

Дина өміріндегі маңызды шешімдерді өз бетінше қабылдауға бұрыннан үйренгенін айтады. Сондықтан тұрмысқа шығарда да жақындары оның таңдауына қарсы болмаған. 

"Мен 33 жаста тұрмысқа шыққаннан кейін де, өмірдегі барлық шешімді өзім қабылдап үйренген адаммын. Интернатта оқығаннан кейін "анамнан сұрайын, әкемнен сұрайын" деген бізде болмады. Өмірімізге қатысты барлық шешімді өзіміз қабылдайтынбыз. Отбасыма жай ғана "осылай-осылай, тұрмысқа шығамын" деп айттым. Ешкімнің пікірін сұраған жоқпын, бұл шешімді өзім қабылдадым", – деді ол.

Динаның айтуынша, жолдасы оған Ыстамбұлда ұсыныс жасаған. Ол ұсынысты отбасына көрсеткеннен кейін болашақ жарының оған деген қарым-қатынасы жақындарына да белгілі бола бастаған.

"Маған Ыстамбұлда ұсыныс жасады. Ұсыныс жасаған сәттің видеосын отбасыма жібердім. Ұсыныс өте әдемі болды. Біздің отбасымызда мұндай нәрселер сирек болады. Сол видеоны жібергеннен кейін бірден пәтер мәселесі шықты. Оған дейін жолдасымның маған жасаған жақсылықтарын отбасым толық білмейтін. Бірақ пәтерге қатысты жағдайды, жолдасымның маған жасаған әрекеттерін отбасым көрді. Сонда олар: "Дина үшін осындай нәрсе жасап отыр. Кез келген адам мұндай нәрсе істей бермейді" деп қабылдады. Сөйтіп, оларда сенім пайда болды. "Динаны ренжітпейді, Дина үшін барлығын істейді" деген ой қалыптасты", — деді ол.

@dinaozmenc

🇰🇿🇹🇷

♬ оригинальный звук - dinaozmenc 🇰🇿🇹🇷🇲🇰

“Шай құймаймын, сәлем салмаймын, енем маған құрбысындай қарайды”

Дина мен жолдасы бастапқыда той жасамауды жоспарлаған. Олар тойға кететін ақшаны басқа мақсатқа жұмсағысы келген.

"Басында "той жасамаймыз, соған кететін ақшаны неге жұмсаймыз?" деп ойлаған едік. Кейін той жасайтын болып шештік. Тойымызға Түркиядан 10 адам келді. Бірақ біз қалың мал және басқа да салт-дәстүрлерді жасаған жоқпыз. Негізінде, өзім де ондай дәстүрлердің бәрін ұната бермеймін. Сондықтан екі жақ бірден келісті. Бір-бірімізге қонақ болып келеміз, тойды екі жас үшін өткізейік деп шештік. Ақша жағынан немесе басқа дүниелермен алмасу болған жоқ. Түркиядан құдаларымыз: жолдасымның анасы, туған-туыстары және достары келді. Барлығы 10 адам болды. Біз оларды әуежайдан бастап қарсы алдық. Музыкамен, домбырамен қарсы алып, қазақы киімдерімізді кидік", — деп баяндады ол.

Дина жолдасының анасымен тұрмысқа шықпай тұрып танысқан. Оның айтуынша, енесі оны алғаш кездескеннен-ақ өте жақсы қабылдаған.

"Мен бірінші жолдасымның анасымен таныстым, тұрмысқа шықпас бұрын. Ол мені өте жақсы қабылдады. Өзінің қызындай көрді. Instagram-да да екеуміздің видеоларымызды бөлісемін. Оларды көп адам қызығушылықпен көреді. Енем мені өте қатты жақсы көреді. Егер өзінің туған қызы болса, оған да дәл осылай қарайтын шығар деп ойлаймын. Кейде жолдасымды қалдырып, енем екеуміз өзіміз қыдырамыз, саяхаттаймыз, бірге көп уақыт өткіземіз. Құрбылар сияқты араласамыз. Енем мені бірінші күннен бастап жақсы көрді. "Сен менің келінім емессің, қызымсың" деп қарайды", — дейді ол.

Дина түрік отбасына келін болып түскенімен, өзіне қазақ қоғамында қалыптасқан дәстүрлі келіндік міндеттердің жүктелмегенін айтады.

"Енем маған мүлдем бөтен адам сияқты қарамайды, өзінің туған қызындай көреді. Мұнда маған "келінсің" деп арнайы жүктелген міндеттер де, қандай да бір қысым да жоқ. Шай құю, сәлем салу деген жоқ. Таңертең ерте тұрмаймын. Енем екеуіміз ұйқымызды қандырып, бір-ақ тұрамыз. Енем тіпті таңғы асты дайындап қояды. Келін болып түскеніме 1 жыл болды. Бірақ осы уақытта бірде-бір рет тамақ пісірген емеспін. Тіпті ыдысты мұнда әркім өздері жуады. Қайын енеммен қарым-қатынасымыз өте керемет. Бәрін бірге жасаймыз. Таңертең  бірге йогаға барамыз, пилатеске қатысамыз. Сосын бірге отырып таңғы ас ішеміз. Күнделікті өмір ырғағымыз бір-бірімізге өте жақын. Бір-бірімізді сыйлаймыз", — дейді Дина.

@dinaozmenc

❤️

♬ orijinal ses - dinaozmenc 🇰🇿🇹🇷🇲🇰

"Жағымсыз пікірлерге бас қатырмаймын: Бастысы әйелде үйі мен білімі болуы керек”

Дина әлеуметтік желіде оның шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққанына қатысты түрлі пікір жазылатынын жасырмады.

"Әлеуметтік желіде "шетелдікке тұрмысқа шықтың" деп жазатын кейбір жағымсыз пікірлерге мен мүлдем бас қатырмаймын, көңіл де бөлмеймін. Өйткені әркімнің өз өмірі бар. Әсіресе ерлер тарапынан тіпті жекеме өтетін хабарламалар келеді. Ал қыздар тарапынан, керісінше, жылы сөздер, қолдау мен тілектер өте көп келеді", — дейді ол.

Дина қазір жұбайы екеуі Солтүстік Македонияда тұрады. Жұбайының жұмысына байланысты әзірге сол жерде тұрақтамақ. Алдағы уақытта осы жерде білімін жалғастырып, магистратурада оқуды жоспарлап жүргенін де қоса кетті. 

"Алдағы уақытта Солтүстік Македонияға барып, сонда магистратурада оқуды, түрік тілінен сабақ беруді және ары қарай докторантураға түсуді жоспарлап отырмын. Меніңше, әйел адам тұрмысқа шықса да, ешкімге тәуелді болмай, өзінің білімі, дипломы және жеке баспанасы болуы тиіс.

"Шетелдікке тұрмысқа шықсам, өмірім бірден керемет болып кетеді, жұмаққа түсемін" деген жаңсақ ойдан аулақ болған жөн. Қай ұлт болмасын, бәрі де адамның өзіне, оның тәрбиесіне және отбасына байланысты. Тұрмыс құруды белгілі бір дәрежеде лотерея деуге болады. Ең бастысы — өмірде қандай жағдай болмасын, әйелдің өз аяғынан тік тұра алуы", — деп қорытындылады Дина.

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 05 Қыркүйек, 2026 10:00