Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда Арыстанбек Мұхамедиұлымен байланысты "Қазақ энциклопедиясы" мемлекет меншігіне қайтарылды

Арыстанбек Мұхамедиұлы
Фото: Үкімет

Алматы қаласының прокуратурасы "Қазақ энциклопедиясы" ЖШС-нің 100%-дық үлесі мен оған тиесілі мүлікті мемлекет меншігіне қайтарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Прокуратура мәліметінше, 2015 жылы серіктестіктің құрамындағы жылжымайтын мүлік активтері заңсыз түрде иеліктен шығарылып, кейін жеке заңды тұлғаның меншігіне өткен. Әңгіме Алматы қаласының Әуезов ауданында орналасқан, жалпы ауданы 2 108,3 шаршы метр жер телімі бар ғимарат туралы болып отыр.

Мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғау мақсатында Әуезов ауданының прокуратурасы жекешелендіру туралы шарт пен одан кейін жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тану жөнінде сотқа талап арыз берген.

Осылайша, кассациялық сот прокуратураның талаптарын толық көлемде қанағаттандырды. Сот шешіміне сәйкес, құны 1,3 миллиард теңгені құрайтын актив мемлекет меншігіне қайтарылады.

Прокуратураның хабарлауынша, қайтарылған мүлік бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен байланысты компанияның иелігінде болған.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Алатау қаласының аумағында жер телімі шетел азаматтарына сатылып жатыр деген ақпарат тарады. Желіде тараған видеодан азаматтың қытай тілінде сөйлеп, инвесторларға Алатау қаласындағы жер телімін 350 мың долларға (174 769 000 теңге) ұсынып отырғанын көруге болады.

Айым Атамбаева
Жұма, 05 Маусым, 2026 09:35