Алматылықтар "бақсы" көршілерінің рәсіміне шағымданды: Келішулер тұрғындарды шошытып, үйлеріне кіріп кеткен

Алматыдағы жеке сектор тұрғындары өзін “шаман” деп таныстыратын көршісіне шағымданып отыр. Олардың айтуынша, ер адам үйінде түрлі аурудан айықтырамын деп адамдар қабылдайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тұрғындардың сөзінше, оған көз тиюден, дуадан, ішімдікке тәуелділіктен, тіпті бедеуліктен құтылғысы келетін адамдар күндіз-түні келеді. Алайда мұндай қабылдаулардың соңы жиі айғай-шуға ұласып, тұрғындар полиция шақыруға мәжбүр болады.
Кейінгі екі жылда Наталья Филина өз үйінде тыныш өмір сүре алмай қалғанын айтты. Оның сөзінше, көршісі учаскесінде “ем қабылдайтын” орын ашып, күн сайын ондаған адамды қабылдай бастаған. Әйел кейбір келушілердің жартылай жалаңаш күйде жүретінін, аулаға кіріп кететінін және өздерін оғаш ұстайтынын айтып шағымданды.
“Мен үйде жоқ едім. Көршім хабарласып, аулама жартылай жалаңаш ер адамның кіріп кеткенін айтты. Өзі есімін де, тегін де дұрыс айта алмайды. Неге жүргенін сұрасаң, қорқытып, “дуа жасаймын” деп сес көрсетеді”, – деді ол.
Тағы бір тұрғын Ашат Темірбиева да бұл үйдің маңынан күндіз-түні айғай-шу естілетінін алға тартты. Әсіресе балаларды алып келген кезде жағдай тіпті қорқынышты көрінеді.
“Үнемі айғай-шу. Балалардың даусы қатты шығады. Кейде рәсімдерін отпен өткізеді. Клиенттері көшенің соңын ластап кетеді. Ескерту айтсақ, өзімізге қоқан-лоқы көрсетеді”, – дейді тұрғын.
Көршілердің айтуынша, ер адам бұл үйде тұрақты тұрмайды, тек белгілі бір уақытта келіп-кетеді. Ал оны күткен адамдар кейде көшеде түнеп, аула маңында тамақтанып, қоқыс тастап кетеді. Тұрғындар тіпті келушілердің қоғамдық орында әдепсіз әрекет жасайтынын да айтып отыр.
Жергілікті тұрғындар бұған дейін полицияға бірнеше рет жүгінген. Бірақ мәселе әлі шешілмеген. Кейін олар көшеге қоршау орнатып, қақпаға код қойған. Алайда бұл да жағдайды түбегейлі өзгертпеген. Енді “бақсының” клиенттері көліктерін кіреберіс жолға қойып, тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі келтіретін көрінеді.
Ал өзін “бақсы” деп таныстырған ер адам тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарады. Ол журналистерге үйін көрсетіп, адамдарға зиян келтірмейтінін, керісінше көмектесетінін айтты.
“Алланың қалауымен бойымда қасиет бар. Адамдарға көмектесуге міндеттімін. Бұл бизнес емес. Ақшаны міндетті түрде алмаймын, адамдар алғыс ретінде қалдырады”, – дейді Сұлтанғали Дүйсембаев.
Ер адамның сөзінше, ол қауіпті дерттерді анықтап, адамдарды түрлі мәселеден арылтады. Дегенмен ол медициналық білімі де, тұрғын үйде мұндай қызмет көрсетуге арналған ресми құжаты да жоқ екенін жасырмады.
Полиция бұл жағдайға әзірге түсініктеме берген жоқ. Ал көршілер жауапты органдардан “емшілік” жүргізілетін үйді тексеріп, тұрғындардың тыныштығын бұзғандарға заң аясында шара қолдануды сұрайды.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр