Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Неге ұлыңды тыймадың": Нұрайдың әкесі сотта Шерханның аңдып жүргенін оның әкесіне ескерткенін айтты

Нұрайдың әкесі ескерткен
Фото: Сот кадрларынан Stan.kz

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот отырысында сотталушының әкесі Әлмахан Макенов сөз сөйледі. Ол ұлының сезімі болғанын және оған қарсы ештеңе істей алмайтынын жеткізді. Алайда сот процессі кезінде Нұрайдың әкесі оған наразылық танытып,  ұлын тыюды бірнеше рет өтінгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сот отырысында алдымен жәбірленуші тараптың адвокаты Әлмахан Махановқа сұрақ қойды. 

Адвокат: “Жаңа сіз әріптесім сұрақ қойғанда айттыңыз, 11 қаңтар күні сағат кешкі 20:00 шамасында үйге полицейлер келген. Тергеу мәліметтеріне сәйкес сотталушы екі тәуліктен кейін ұсталған. Сол аралықта балаңызды іздестірдіңіздер ме?” 

Сотталушының әкесі сол күні таңғы 3-4-ке дейін полицей қызметкерлерімен бірге жүргенін. Автоколікті тексеруге қатысқанын жеткізді. Алайда айтуынша, ол жерде пышақ болмаған. Тек қан іздерін көрген. 

“Нұрайдың әкесі Бауыржан Шерханның осы күнге дейін Нұрайға сыйлыққа жұмсаған ақшасын сізге қайтарып бергені рас па?”, – деп сұрады адвокат.

“Бұл сұрақ артық. Ол кезде екі жақ та татуласып, қоштасқанбыз. Мен Нұрайдың әкесі жіберген ақшаны өзіне қайтарып бердім. Себебі бұл – қыз бен баланың арасында болған мәселе. Не қылам мен ол ақшаны, менің ақшам емес? Бұл сұрақ маған жолданбауы керек”, – деп жауап берді сотталушының әкесі. 

Бұдан соң адвокат алып қашу мәселесін қозғап, Шерханның әкесінен бұған дейін ұлына үйлен деген талап қойып-қоймағанын сұрады. 

“Енді бұл барлық қазақтың қоятын сұрағы ғой! 25 жасынан кейін мен оған үйлен деп айта бастағам. Нұрай кездескенге дейін ол: “қазір үйленбеймін” деп сеніммен айтатын. Алып қашу мәселесін қозғаған емеспіз. Нұрайды алып қашып келген күні ол жымиып, жайдарлы болып тұрды. Өз еркімен келгені туралы қолхат жазу идеясын мен ұсындым. Себебі қарсы болмағасын, жазғаны дұрыс деп ойладым”, – деді Әлмахан Макенов. 

Дегенмен жәбірленушінің адвокаты бұл жауапқа сенім білдірмеді.

“Жаңа сіз өз еркімен келді деп айттыңыз. Алайда жауабыңызда балаңыздың қыздың көнбегенін, алып қашып келе жатқанын айтқанын көрсеткенсіз. Полицияға тергеуші Әділханға берген жауабыңызда осылай тұр”, – деп жеткізді ол. 

 “Мен саған ескерттім ғой, неге ұлыңды тыймадың?: Нұрайдың әкесі сотта ренішін білдірді”

Нұрайдың әкесі Бауыржан Сағымбек сотта ашуын ұстай алмады. Ол орнынан тұрып сотталушы Шерханның әкесіне ренішін айтты. 

“Алып қашқан кезде ұлым Сұлтан барып қызымды алып шығып келе жатқанда сен Нұрайды ішке кіргізіп, ұлымды сыртқа шығарып жібергенсің. Сенде ешқандай ұят жоқ! Сенің атыңдағы көлікпен келіп, менің қызымды өлтірді. Баламның ісіне араласпаймын дейді. Көлігін беріп, баласын жіберіп отыр ғой! Сол кезде сен уәде бердің, “балам қызыңа жоламайды” дедің. Уәде беремін дедің”, – деп ашуланды Нұрайдың әкесі.

Алайда Әлмахан Маханов алып қашқан күні ешқандай зорлық-зомбылық болмағанын айтты. 

“Бауыржан, ол кезде мен балама айтып жатырмын дедім. Уәде демедім, бірақ сіздің көзіңізше баламның сезіміне мен жауап бере алмаймын дедім”, – деді ол. 

Алайда Нұрайдың әкесі бұған дейін Шерханның сталкинг әрекеттерін ескерткенін алға тартты.

“Қандай сезім? Ол сенің балаң ғой! Жаңа сен сталкинг туралы білмеймін дедің. Ал бұған дейін мен саған балаңның қызымды аңдып жүрген суретін жіберіп, қызымның группаластарына дейін мазасын алып жүргенін айттым. Балаңды тый дедім. Мен саған айттым қызымның 7 құрбысына желіде мазасын алған. Мен саған ескерттім, сонда неге балаңды тыймадың?”, – деді Бауыржан Сағымбек. 

Алайда Шерханның әкесі бұл мәселені бәрібір шешіп бере алмайтынын жеткізді. 

Істің мән-жайы

Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.

Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.

Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады. 

Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап еткен.

Айыптау актісі қандай?

Биыл 23 шілде күні Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіру ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов сотта айыптау актісін жариялап, сотталушы Шерхан Аймаханға тағылған үш эпизод бойынша айыптың мән-жайын баяндады. 

Прокурордың сөзінше, күдікті Шерхан Аймахан әуелі Нұрайды кездесуге шақырған. Алайда Нұрай одан бас тартқан. Сосын ол қыздың үй жағына келіп, оның дүкенге шыққан сәтінде әуелі 5 рет пышақтап, қашып кеткен. Кейін бастаған ісін аяқтау үшін қайта келіп 30 рет пышақ сұққан.

Нұрайдың адвокаттары мен жақындары істің тікелей эфирде көрсетілуін сұрады. Алайда, оған сотталушы тарап келіспей, қарсы шықты. Екі жақты келісім болмаған соң судья сот процесінің тікейлей көрсетілмеймінін айтты. 

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 04 Тамыз, 2026 13:34