Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралда қыздың анасы істің әділ қаралуын талап етіп, мамандардан көмек сұрады

Дәмелі Абдрахманова
Фото: Марқұмның анасы Ләззат Абдрахманованың желідегі парақшасынан

Оралдағы инфекциялық ауруханада көз жұмған Дәмелі Әбдірахманованың анасы Ләззат әлеуметтік желіде қызының қазасы туралы жазды. Онда әйел істің барлық мән-жайын анықтау үшін тәуелсіз инфекционист дәрігерлерден көмек сұрады. Сондай-ақ ол оқиғаның әділ әрі жан-жақты қаралуын талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оралда инфекциялық аурулар ауруханасында көз жұмған Дәмелі Әбдірахманованың анасы Ләззат Әбдірахманова қазақстандық дәрігерлерден көмек сұрады. Ол әлеуметтік желіде үндеу жариялап, қызының өліміне қатысты сот-медициналық сараптама қорытындысына тәуелсіз баға бере алатын тәжірибелі инфекционист дәрігерлерді іздеп жатқанын мәлімдеді.

"Мен, Дәмелі Әбдірахманованың анасы Ләззат Әбдірахманова, Қазақстандағы бейжай қарамайтын барша азаматтардан көмек сұраймын. Қызым Орал қаласындағы инфекциялық аурулар ауруханасында қайтыс болды. Қазір осы оқиғаға қатысты тексеру жүргізіліп жатыр. Мен үшін іс материалдары мен сот-медициналық сараптама қорытындысына тәуелсіз әрі объективті баға берілуі өте маңызды", – дейді Ләззат Әбдірахманова.
Ләззат Әбдірахманова
Фото: Ләззат Әбдірахманованың желідегі парақшасынан

Орал тұрғыны Ләззат Әбдірахманова әлеуметтік желі арқылы тәжірибелі инфекционист дәрігерлерге үндеу жолдады. 

"Инфекциялық аурулар саласында мол тәжірибесі бар инфекционист дәрігерлерден қолдау сұраймын. Олар қолымдағы құжаттарды зерделеп, кәсіби әрі тәуелсіз пікірін білдірсе деймін. Мен ешкіммен жанжал іздеп жүрген жоқпын және ешкімді дәлелсіз айыптамаймын. Баласынан айырылған ана ретінде тек шындықты біліп, әділдікке қол жеткізгім келеді. Маған бәрі дұрыс жасалды ма, әлде қызымның тағдырына әсер еткен қателіктер болды ма – соны түсіну маңызды", – дейді ол.
Ләззат Әбдірахманованың отбасы
Фото: Ләззат Әбдірахманованың отбасы

Желі қолданушылары Ләззат Әбдірахмановаға қолдау білдіріп, қызының қазасына байланысты көңіл айтып, істің әділ шешілуіне тілектестік танытты.

Осы мәселеге байланысты редакция Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасынан пікір алды. Басқарманың мәліметінше, аталған факті бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр, ал оқиғаның барлық мән-жайы тергеу аясында анықталады. Басқарма ресми қорытынды тиісті сараптамалар аяқталғаннан кейін жарияланатынын хабарлады.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 04 Тамыз, 2026 17:52