Санитарлық дәрігерлер балаларға мектеп формасын қалай таңдау керегін айтып берді

Оқу жылының басталуына шамалы уақыт қалғандықтан, Алматы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті балаларға мектеп формасын таңдауға мән беруді ұсынды. Себебі оқушының жайлылығы мен қауіпсіздігі өте маңызды деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Көптеген мектептерде білім алушылардың сыртқы келбетіне белгілі бір талаптар қойылады. Киімнің іскерлік стиліне, оның ішінде "үстіңгі жақ ашық, астыңғы жақ қара" классикалық комбинациясы сақталуы қажет.
Департамент мектеп формасын таңдағанда, ата-аналар өнімнің сыртқы түрін ғана емес, оның сапасын, материалдардың құрамын және санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкестігін ескеруі керек дейді.
Кеден одағының "Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімнің қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентіне сәйкес балалар мен жасөспірімдерге арналған киім функционалдық мақсаты бойынша бірінші, екінші және үшінші қабаттағы бұйымдар деп бөлінеді.
“Әр қабатқа жеке гигиеналық талаптар қойылады. Мектеп формасы екінші қабаттағы киімге жатады, яғни бұл – блузкалар, шалбарлар, юбкалар, жилеттер және басқа да бұйымдар. Оны таңдағанда климаттық жағдайларды, оқу бөлмелеріндегі температуралық режимді және баланың оқу күні ішінде киімде болу ұзақтығын ескеру қажет”, – делінген хабарламада.
Мәлімдеулерінше, мектеп формасының материалына ерекше назар аудару керек. Мектеп киімдеріне қажетті тұтынушылық және гигиеналық қасиеттері бар маталарды таңдау ұсынылады. Оларға матаның тозуға төзімділігі, ауа өткізгіштігі, кию кезіндегі жайлылығы, сондай-ақ жуғаннан кейін бұйымның пішінін сақтай алу қабілеті жатады.
Мамандар не нәрсеге мән беруді ұсынады:
- Тігіс сапасы – тігістердің ұқыпты болуы, шығып тұрған жіптердің болмауы, жиектердің өңделу сапасына, астар мен түймелер, ілгектердің беріктігіне назар аудару қажет. Сапалы бұйым балаға ыңғайлы әрі қауіпсіз болуы тиіс;
- Тозуға төзімділік – мектеп формасын күнде киетіндіктен, ұзақ уақытқа шыдай алатындай болуы керек. Әсіресе тозу ықтималдығы жоғары жерлердегі, мысалы шалбардың тізе тұсы мен төменгі бөлігіндегі матаның сапасына ерекше мән берген жөн;
- Матаның құрамы – материалды таңдағанда табиғи және синтетикалық талшықтардың арақатынасын ескеру маңызды. Табиғи материалдар жайлылық пен гигиеналық қасиеттерді қамтамасыз етеді, ал синтетикалық талшықтар рұқсат етілген мөлшерде бұйымның беріктігін арттырып, мыжылуға төзімділігін жоғарылатады және киімнің пішінін сақтауға көмектеседі;
- Ыңғайлылығы және өлшемге сәйкестігі – мектеп формасы баланың қозғалысын шектемеуі, белсенділігіне кедергі келтірмеуі және қолайсыздық тудырмауы керек.
“Баламен бірге оның қалауы мен дене бітімінің ерекшеліктерін ескере отырып, киімді таңдау ұсынылады. Бала күннің көп бөлігінде осы формамен жүретінін есте ұстаған жөн. Сондықтан киім білім алушының денсаулығын, жайлы әл-ауқатын және жұмыс қабілеттілігін сақтауды қамтамасыз етуі керек”, – деп мәлімдеді Алматы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
Алматыдан Балиге дейін велосипедпен жеткен қазақстандық жұп 10 айлық сапары туралы айтып берді
Оқыңыз