Қазақстандық зейнеткер 15 миллион теңгелік алтын бұйымдарын көшеде танысқан "бақсыларға" ұстатып жіберген

Қарағандыда үш әйел өзін "емші" әрі "балгер" деп таныстырып, 78 жастағы зейнеткерді алдап кетті деген айыппен ұсталды. Осылайша оның 15 миллион теңге тұратын алтын бұйымдары мен ақшасын иемденіп кеткен. Полицейлер күдіктілерді ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға өткен жылдың желтоқсанында болды. Үйіне қайтып бара жатқан қарияға көшеде үш бейтаныс әйел жолығып, әңгімелескен. Алғашында олар стоматологияға апаратын жолды сұрап, кейін зейнеткердің сеніміне кіріп, психологиялық қысым көрсетуге көшкен.
Күдіктілердің бірі әйелге "жақын адамы салған ескі қарғыс бар" екенін айтып, егер оны дереу қайтармаса, өзіне қымбат адамның өміріне қауіп төнетінін жеткізген. Бұған сенген зейнеткер алаяқтардың әр айтқанын бұлжытпай орындаған.
“Әйелдер алдымен "тазартатын ине" сатып алуды ұсынып, түрлі ырым-жоралғыларды жасаған. Кейін үйінен шикі жұмыртқа әкелуді сұрап, соңында қарғыстан арылу үшін барлық алтын бұйымы мен ақшасын газетке орап беруді талап еткен. Ал олар мөрленген түйіншек ұстатып, оны 40 күн өткен соң ғана ашып, ішіндегісін өртеп, күлін сол жерге әкелу керегін айтқан”, – делінген хабарламада.
Алайда түнде зейнеткер бұған күмәнданып, түйіншекті ашып көреді. Сол кезде ішінде бос қағаз ғана жатқан. Осылайша жалпы құны 15 миллион теңге алтын әшекейлері мен ақшасы жоғалды. Ол полицейлерге шағымданды.
ОқыңызҚарағанды облысы полиция департаменті күдіктілердің Павлодар және Алматы қалаларының, сондай-ақ Жетісу облысының тұрғындары екенін анықтады. Олардың осыған ұқсас алаяқтық әрекеттерге бұрын да қатысы болуы мүмкін.
Күдіктілер Теміртау қаласында ұсталды. Кейін жәбірленуші оларды Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы полиция бөлімінде таныды.
Қазір аталған дерек бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
“Полицейлер азаматтарды өзін балгер, емші немесе көріпкел ретінде таныстырып, "қарғысты қайтарамыз", "көз тиемді кетіреміз" деген желеумен ақша немесе бағалы заттарды талап ететін адамдарға сенбеуге шақырады. Мұндай жағдайда бірден полицияға хабарлау қажет.”, – деп мәлімдеді Қарағанды облысы полиция департаменті.
Алматыдан Балиге дейін велосипедпен жеткен қазақстандық жұп 10 айлық сапары туралы айтып берді