Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір-біріне ғашық болды": Шерханның анасы сотта некеге Нұрай емес, оның отбасы қарсы болғанын айтты

Нұрай емес отбасы келіспеді Сотталушының анасы
Фото: Сот кадрларынан Stan.kz

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот отырысында сотталушының анасы мен әжесі сөз сөйледі. Олардың екеуі де Нұрайды алып қашып келген күні оның өз келісімін бергенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сотталушының анасы Айгүл Макенова сол күнгі жағдайды баяндады. 

“Нұрайды алып келгенге дейін танымадым. Ешқандай қарым-қатынас болмады. Келген соң Нұрай ешқандай қарсылық танытқан жоқ. Өз еркімен түсті. Сосын біз жолдасым Әлмаханның рұқсатымен үйге кіргіздік. Алдымен тамақтанып алсын дедік. Сосын өзінің келісімін алайық деп бірден орамал жаппайтынымызды айттық. Ішке кіріп тамақ-суын ішіп алған соң, Нұрайдың өзі жуынып-шайынып алатынын айтты”, – деді ол.

Алайда адвокат желіде тараған видеода бірден орамал жауып алып бара жатқаны көрінгенін айтты. Осы тұста Шерханның анасынан Нұрайдан келісімін қай уақытта алғанын сұраған. Шерханның анасы “көлік ішінде сұрадым” деп жауап берді.

“Орамал таққан ішке кіргізген мен. Ал ақ жаулық жапқан жеңешеміз. Мен сұрап алдым бірінші. Ол келісімін берді. Екі рет анықтап сұрадым. Келіспесең жаппаймыз дедік. Ол “жаба беріңіз келісемін” деді”, – деп қосты Айгүл Макенова.

Адвокат “Алып қашу бойынша полицияға бардыңыздар. Сіз жақтан да, Нұрай жақтан да барды. Содан кейін Нұрай тұрмысқа шықпаймын деп үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Кейін сіз балаңызға айттыңыз ба? Қыз көнбей тұр, болды байланыспа, жолама деп? Оның сталкинг жасап, аңдып жүргенін білдіңіз бе?” деп сұрады.

“Иә жолама деп айттым. Бірақ оны аңдып жүргенін білген жоқпын. Қайғылы оқиға күні кешке қарай сағат 20:00-де үйге полиция келді. Кейін ол ауылдан ұсталды. Иә Нұрайды алғашында алып барған ауылдан”, – деді сотталушының анасы.

Жәбірленуші тараптың адвокаты неліктен жігіт жақтың құда түсуді ойланбағанын сұрады.

“Жастар солай келісті деп ойладық. Нұрай келгенде үстінде қоңыр спорттық киім болды. Аяғында кроссовка болды. Ол кезде орамал жаппадық. Үйге кіріп, тамағын ішіп, сосын өзінің келісімін алғаннан кейін. Қолхат жазғыздық. Сосын жуынып шайынып келуге ауылға жібердік. Олар ауылдан келген соң көлікте отырғанында келісімін сұрадым”, – деп тағы қайталады Айгүл Макенова.

“Нұрай келісті, үйіндегілер ғой келіспей тұрған”

Осы тұста Нұрайдың әкесі Бауыржан да сотталушының анасына сұрақ қойды. Айтуынша, Шерханның анасы жағдайдан кейін Нұрайдың туыс жеңгесіне хабарласып, отбасын жастарды үйлендіруге көндіруді өтінген. 

“Ұлыңыз бұрын осылай өз-өзіне неше рет қол жұмсады? Екі қолын не үшін кесті? Тек ұнатқаны үшін бе әлде сіздерден бірдеңе талап ету үшін бе? Неге сол күні түңгі уақытта Бағила деген жеңгемізге хабарластыңыз? Одан не сұрадыңыз?”, – деді Нұрайдың әкесі. 

Ал сотталушының анасы бұған дейін ұлының мұндай әрекетке бармағанын алға тартты. 

“Қызды ұнатқасын солай болып тұр. Қорыққасын хабарласып, Нұрайдың жеңгесінен “бір-біріне ғашық болды ғой, үйіндегілер келісім берсінші” деп сұрайын дедім”, – деп жауап берді Айгүл.

Бауыржан: “Сонда балаңыз келіссе де келіспесе де алып бер деп сізді мәжбүрледі ме?”

Айгүл: “Жоқ олай айтпады”

Бауыржан: “Онда не үшін қолын кеседі?”

Айгүл: “Жақсы көргесін”

Бауыржан: “Ал Нұрай келіспей тұр ғой”

Айгүл: “Нұрай келісіп тұр ғой. Үйіндегілер келіспей тұр ғой”, – деді ол.

 Сотта Шерханның әжесі Фатима Макенова да жағдайды баяндады. Ол да Нұрайдың өз келісімімен келгенін алға тартты. 

“Келін алып келе жатыр дегенді естідік. Сонымен сағат үштер шамасында біз де келдік. Кейін Шерханның әкесі Әлімхан орамал салмайсыңдар, біз әлі қыздың әке-шешесінің алдынан өтпедік. Ең болмаса өзінің рұқсатын сұрауымыз керек деді. Солай олар үйге кіріп алдымен тамақтанды. Сосын жуынып-шайынамыз деді. Мен оған бірден орамал салмадым. Бірінші Шерханның анасы өзі рұқсатын алып, орамалын салсын дедім. Ол көлікте сұрады. Нұрай үй киімімен келген жоқ. Сонау Алматыдан қалай келеді? Шерханмен бірге дайын болып келді ғой”, – деді сотталушының әжесі.

Істің мән-жайы

Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.

Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.

Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады. 

Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап еткен.

Айыптау актісі қандай?

Биыл 23 шілде күні Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіру ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов сотта айыптау актісін жариялап, сотталушы Шерхан Аймаханға тағылған үш эпизод бойынша айыптың мән-жайын баяндады. 

Прокурордың сөзінше, күдікті Шерхан Аймахан әуелі Нұрайды кездесуге шақырған. Алайда Нұрай одан бас тартқан. Сосын ол қыздың үй жағына келіп, оның дүкенге шыққан сәтінде әуелі 5 рет пышақтап, қашып кеткен. Кейін бастаған ісін аяқтау үшін қайта келіп 30 рет пышақ сұққан.

Нұрайдың адвокаттары мен жақындары істің тікелей эфирде көрсетілуін сұрады. Алайда, оған сотталушы тарап келіспей, қарсы шықты. Екі жақты келісім болмаған соң судья сот процесінің тікейлей көрсетілмеймінін айтты. 

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 04 Тамыз, 2026 16:01