Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кипрде пышақтап кеткен бойжеткен Қырғызстан азаматы болып шықты

Кипр қыз шабуыл
Фото: Видеодан скрин

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Кипрде шабуыл жасалған бойжеткеннің Қазақстан азаматы емес екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бүгін Никосия қаласындағы супермаркеттердің бірінде Жанерке Абдразаковаға шабуыл жасалып, пышақ жарақатын алған еді. 

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Жанеркенің Қазақстанда туылғанын, алайда Қазақстан азаматы емес екенін хабарлады.

“Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Солтүстік Кипрде болған оқиғада зардап шеккен азаматқа қатысты келесіні хабарлайды. Мәліметтерді нақтылау барысында зардап шеккен азаматтың Қазақстанда туылғаны, алайда оның Қырғыз Республикасының азаматы екені анықталды”, – делінген ведомство хабарламасында.

Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, шабуыл бүгін шамамен сағат 11:45-те болған. Белгісіз себеппен ер адам қызға пышақпен шабуыл жасап, оны өлтірмек болған. Кейін ол өзіне де пышақ жарақатын салған.

Екеуі де дәрігер Бурхан Налбантоғлу атындағы мемлекеттік ауруханаға жеткізілді. Соңғы мәлімет бойынша, Жанерке өте ауыр халде жатыр және дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр. Шабуыл жасаған ер адам да дәрігерлердің бақылауында.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 04 Тамыз, 2026 15:58