Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Димаш Құдайберген түрік тіліндегі жаңа әнін таныстырды

Димаш Құдайберген
Фото: Instagram.com/kudaibergenov.dimash/

Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген тыңдармандарына түрік тілінде жазылған жаңа туындысын ұсынды. “Yazgı” деп аталатын әннің музыкасын өнер иесінің өзі жазған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алдымен Димаш жаңа шығармасының жарыққа шығуын асыға күткенін айтып, туындының соңғы өңдеу жұмыстары аяқталғанын жеткізді. Кейінірек әннің ресми түрде жарыққа шыққанын хабарлап, туындыны не себепті түрік тілінде орындағанын түсіндірді.

Оның айтуынша, бала кезінен әртіс өз тыңдарманының ықыласына бөленуі керек деген тәрбие алған. Алайда сол тыңдарманның кейде әлемнің екінші қиырында болуы мүмкін екенін ешкім айтпаған.

“Сондықтан бүгін менің түрік тіліндегі жаңа авторлық әнім – “Yazgı” жарыққа шықты. Соңғы он жыл бойы жанымнан табылып, қолдау көрсеткен әлемнің түкпір-түкпіріндегі барлық қымбатты жанкүйеріме алғыс айтамын. Сіздердің арқаларыңызда еңбектенуді жалғастыра беремін”, – деді Димаш Құдайберген.

Әнші тыңдармандарына келесі туындысын қай тілде естігісі келетінін сұрап, дауыс беруге шақырды.

“Келесі әнімді қай тілде тыңдағыларыңыз келеді? Дауыс беріңіздер, тілектеріңізді білгім келеді”, – деп жазды ол.

Жаңа туындыны тыңдаған жанкүйерлер әннің әуезді шыққанын айтып, Димаштан испан және түрік тілдерінде тағы да шығарма күтетіндерін жеткізді. Кейбір тыңдарман музыкада шекара да, тілдік тосқауыл да болмайтынын атап өтті.

Айта кетейік, “Yazgı” әнінің композиторы – Димаш Құдайберген.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 04 Тамыз, 2026 16:40