Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тоқаевтан көмек сұраймыз": Экс-шенеунік Виктор Храпуновтан тәркіленген пәтерді сатып алған отбасы баспанасыз қалмақшы

Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтан тәркіленген пәтерді сатып алған алматылық отбасы жалғыз баспаналарынан айырылуы мүмкін. “Эдельвейс” шағын ауданынан сатып алған баспана дауына Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайбергеновтің қандай қатысы бар? 107 миллионға сатып алған баспаналары мемлекет меншігіне беріле ме деп алаңдаған ерлі-зайыпты Қанат пен Марал Букаевтар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап үндеу жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Stan.kz

Заңгер Жәнібек Башановтың айтуынша, Қанат және Марал Букаевтар 2020 жылы Дархан Өміралиевтен барлық құқықтары көрсетілген құжаттары бар пәтер сатып алған. Дархан Өміралиев қазір қамауда отырған бұрынғы Алматы қалалық мәслихатының депутаты Қайрат Құдайбергеновтың туған ағасы. Заңгер кезінде Виктор Храпуновтан тәркіленген пәтердің даулы мәселенің кесірі Букаевтар отбасына тиіп отырғанын айтты. 

“Осы қыркүйек айында Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотының үкімімен ҰҚК басшысының орынбасары Т.Мұханов деген, Алматы әкімдігінің орынбасары І.Өсеров деген және әкімдікте жұмыс істеген А.Құдайбергенова бұрындары Виктор Храпуновтан тәркіленген 5 пәтерді жеке меншігіне төмендетілген бағамен сатып алғаны үшін соттады. Кейін бұлар ол пәтерлерді нарық бағасымен сатып, айырмашылығынан табыс көрген. Оларды сол үшін соттап отыр. Бұл отбасының бұл іске қандай қатысы бар дегенге келсек?! Бұлар қарапайым ғана қазақ жанұясы. Олардың үш баласы бар”,- деді Заңгер Жәнібек Башанов.

Заңгер сөзінше үш балалы отбасы 2020 жылы жалғыз баспанасын сатып, риэлтор жалдап осы пәтерді тапқан. Жоғарыда аталған лауазымды тұлғалардың істі  болуының салдарынан Букаевтар тұратын пәтер сот үкімімен мемлекет меншігіне аударылып жатыр.

"Негізінде бұл пәтер екінші рет тәркіленіп отырған жоқ, ол тек қана мемлекет пайдасына аударылып отыр. Бұл қай заң аясында? Ол үкімде көрсетілмеген. Бүкіл заң процедураларын сақтап, меншік құқығын тіркетеді. Оны жөндеуге де үлкен ақша салған”,- деді заңгер.

“Кейін пәтер Виктор Храпуновтан тәркіленген мүлік болып шығады. Аталған тұлғаларға қатысты сот қабылдаған үкім заңды екеніне күмәніміз жоқ. Алайда Букаевтар отбасының бұл жерде қандай кінәсі бар.  Аталған 5 пәтер тәркіленбеген, жай ғана мемлекет кірісіне берілген.  Бірақ үкімде бұл мүліктің қандай норманың немесе қандай бап негізінде мемлекет кірісіне берілгені туралы жазылмаған. Осы тұсы заңгер ретінде мағанда түсініксіз. Қылмыстық –процессуалдық кодекстің 118-бабын қарап шықтым. Онда мүлік заңды иесіне қайтарылуы керек деп жазылыған. Ал заңды иелері осы Букаевтар болып тұр. Олар пәтерді төмен бағада сатып алған жоқ қой. Олар пәтерді нарық бағасына сай және заңды жолмен сатып алды. Аталған шартта ешкім заңдық күші жоқ деп мойындаған жоқ. Соттың ондай шешімі  де жоқ.  Олай болса пәтер сот үкімімен не себепті мемлекет кірісіне қайтарылуы керек?!”,- деді заңгер өз сөзінде. 

Жәнібек Башанов осы іс аясында сотталған заматтар мемлекетке 819 миллион теңге көлеміндегі шығын өтеген. Бірақ соған қарамастан пәтерді мемлекет кірісіне қайтару туралы үкім шығарған.  Заңгер осы орайда мемлекет екі мәрте табыс тапқысы келіп отыр деген баға берді.

“Сонда  мемлекет тарапы істі болған азаматтардан тартып алған пәтерді тағы да саудаламақшы ма?! Осы тұсы түсніксіздеу.  Осындай заңсыз тұсын көргендіктен Президентке үндеу жариялаймыз. Мемлекет басшысы Конститутцияның кеплі ретінде осы мәселеге назар аударса екен дейміз. Бас прокурор мен Жоғары сот та осыған назар аудары тиіс. Біз қазіргі уақытта сотқа апелляциялық шағыммен жүгіндік”, -деді Жәнібек Башанов. 

Айта кетейік, сот үкімі шыққанымен, әзірге заңдық күшіне енбеді. Үй иесі Қанат Букаев пәтерді 107 миллионға алғанын айтты. Оны риэлтор арқылы, сайттан тапқан.

“Александр деген риэлтормен келіскенбіз. Сол арқылы үй иесі болған Дархан Өмірәлиевпен кездескенбіз. 2020 жылдың 27 сәуірінде нотариуске барып, қағаздарын тіркеп,ақшасын төлеп, барлығын заңды түрде жасағанбыз. 107 миллион теңгеге алғанбыз, 5 бөлмелі үй.  Біз алғанда "черновая отделка" болды. Бір жылдай жөндеу жұмысын жасады. Біз пәтеріміздің бұғаттауда тұрғанын кездейсоқ білдік. Жұмысыма байланысты банктен несие алуға барғанда пәтерді кепілге қоймақшы болдым. Сол кезде баспанамызды кепілдікке қоя алмайтынымызды білдік. Өйткені бұғаттауға қойылған екен. Осының кесірінен жұмысы да айтарлықтай кедергі келуде”,- деді пәтер иесі Қанат Букаев.

Үш баламен далада қаламыз ба деп алаңдаған Марал Букаева ендігі үміті тек Президентте екенін айтты. Ол көзіне жас алып мемлекет басшысынан араша сұрады. 

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіз жария еткен "Еститін мемлекет" тұжырымына сүйене отырып, біздің Букаевтар отбасы сізге жеке өтінішпен үндеу жолдауға мәжбүрміз. Өйткені сот жүйесі өкілдерінің әрекеттері біздің Конституциялық құқығымызды және жеке баспаналы болу құқығымызды шектеп отыр. Қазір біздің отбасымыз күмәннің ортасында қалды. Тіпті елімізде әділдік бар екеніне сеніміміз аз. Сондықтан біздің Конституциялық құқығымыздың кепілі ретінде сізге өтінішпен жүгініп отырмыз. Осы істі, Букаевтар отбасының ісін қарауыңызды сұраймыз. Заңды жолмен сатып алған пәтерімізді, жалғыз баспанамызды неге мемлекетке өткізіп беруіміз керектігін, не үшін кінәлі болғанымызды түсінбейміз", - деді ол.

Ерлі–зайыптылардың сөзінше пәтерді сатып алған уақытта оның бұған дейін мемлекет меншігіне Виктор Храпуновтан қайтарылғанынан бейхабар болған. Ал Букаевтар отбасына пәтерді сатқан Дархан Өміралиев бұл баспананы заңсыз схема арқылы меншіктеп алған. Заңгер Жәнібек Башанов осылай деп мәлімдеді. 
Букаевтар отбасы апеллияциялық шағымнан оң нәтиже шықпаса, Конститутциялық сотқа жүгінетіндерін айтты.


 

Талқылау