Тоқаев Қостанай облысындағы өрттің салдарын жоюға қаржы бөлуді тапсырды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет мүшелері мен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің өртке қатысты есептерін тыңдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі жазды.
“Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин және Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың өрт аймағындағы жедел жағдай туралы есебін тыңдады”, - делінген ақпаратта.
Барлық мемлекеттік органдардың жұмысын Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу мен Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов үйлестіреді. Олар Мемлекет басшысына өртті ауыздықтау және елді мекендерден азаматтарды эвакуациялау бойынша қабылданған шаралар туралы жедел баяндап отырғаны айтылған.
"Президент азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен өртті сөндіру шараларына басымдық беруді тапсырды. Сондай-ақ Үкіметке төтенше жағдайдың салдарын жою үшін қажетті қаражат бөлу туралы тапсырма берілді", - деп қосты баспасөз қызметі.
Еске салайық, 2 мың гектар аумақты алып жатқан орман өртін сөндіру үшін Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннен бөлек тағы үш облыстың қызметі Қостанай облысына аттанды. Облыста қалыптасқан жағдайға байланысты көлік қозғалысына шектеу қойылды.
Өрт Озерный ауылына тарады - Экология министрлігінің мәліметінше, 50-ге жуық үй өртенген. 3 қыркүйек күні кешке қарай өрт аумағы 3 мың гектарға дейін өсіп, облыстағы елді мекендер көшіріліп жатқаны белгілі болды.
"ҚазАвтоЖол" 3 қыркүйек күні кешке жағдайдың жақсаруына байланысты жабылған жолдың ашылғанын хабарлады.
Алғашында болып жатқан оқиғалар барысында мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Қасым-Жомарт Тоқаев орман өртіне байланысты Қостанай облысына сапардан бас тартқысы келмейтінін айтқан, алайда кейін президенттің бұл оқиғаға байланысты облыстағы жедел штабқа баруды жоспарлап отырғаны белгілі болды. Тіпті кейінірек Ақорда қазақстандық саясаткер Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар кейінге шегерілгенін, бірақ президент Тоқаев өртке байланысты Қостанай облысына баратынын мәлімдеді.
Қостанай облысында табиғи өртке байланысты көмекке мұқтаж тұрғындар үшін сенім телефондары ашылды.