Тергеушілер Баян Алагөзова мен Динара Сәтжанға тіл тигізген ақтөбелік емшінің табысын тексеріп жатыр

Ақтөбелік емші Бағдагүл Лепесованың қаржылық аударымдары тексеріліп жатыр. Бұған тележүргізуші Динара Сәтжанның экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолдаған арызы себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бағдагүл Лепесова әлеуметтік желіде сынықшы әрі емші ретінде танылған. Алайда кейінгі уақытта оның тікелей эфирдегі мәлімдемелері көпшілік арасында дау тудырып жүр. Соңғы дауға тележүргізуші Динара Сәтжанға қатысты айтқан сөздері себеп болды.
Осыдан кейін Динара Сәтжан емшінің қызметі мен табысына қатысты бірқатар сұрақ көтерген. Ол “ақылы бата” үшін түскен қаржы қайда аударылатынын, емшінің салық төлейтін-төлемейтінін, адам емдеуге лицензиясы бар-жоғын анықтауды сұраған.
“Ақтөбеде TikTok пен Instagram-да ақшаға бата беретін бір “емші” тұрады екен. Маған оның қаншалықты заңды жұмыс істейтіні қызық. Желідегі бизнестердің БАД өнімдерін халыққа ем үстінде сатуға құқығы бар ма?” – деп жазды ол.
КТК арнасының мәліметінше, Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті Бағдагүл Лепесоваға қатысты тексеру басталғанын растады.
Ал емшінің өзі бұл жағдайдан қорықпайтынын айтып, жасыратын ештеңесі жоқ екенін жеткізген.
“Есеп беру деген бар ғой. Одан қорықпай-ақ қойыңдар. Мен біреуді алдасам, бұлар мені баяғыда аямайтын еді”, – деді Бағдагүл Лепесова.
Бұл дауға продюсер Баян Мақсатқызы да араласты. Ол Бағдагүл Лепесованың тікелей эфирлерде өзін, Динара Сәтжанды және басқа да адамдарды қорлап, жалған ақпарат таратқанын мәлімдеді.
Баян Мақсатқызының айтуынша, емші оның жобалары мемлекеттен қаржы алады деген ақпарат айтқан. Продюсер мұны жоққа шығарып, мәселені заңгерлері қарап жатқанын жеткізді.
”Қазір бұл мәселемен менің заңгерлерім айналысып жатыр. Мен өзімді қорлауға және өзім туралы жалған ақпарат таратуға жол бермеймін”, – деді Баян Мақсатқызы.
Полиция департаментінің ақпаратына сүйенсек, әзірге Динара Сәтжан мен Баян Мақсатқызы тарапынан ресми шағым түспеген.
Еске салайық, бұған дейін Динара Сәтжан мен Баян Алагөзова ақтөбелік “TikTok-емшіні” тексеруді талап еткені хабарланған еді.
Асханасы мен спортзалы жоқ, от жағады: Қазақстанның кейбір өңірінде ауыл балалары адам шошырлық мектептерде оқып жүр
Оқыңыз