Қазақстанда түбіртек бермеген кәсіпкерлерге салынатын айыппұл 173 мың теңгеге дейін өсті

2026 жылдан бастап Қазақстанда кассалық тәртіпке қойылатын талаптар күшейтілді. Енді сатып алушыға түбіртек бермеген немесе ақаулы кассалық аппарат қолданған кәсіпкерлерге 173 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлерге кассалық аппараттарды пайдалану ережелері мен талаптарды бұзған жағдайда қолданылатын жауапкершілікті еске салды. Мамандардың айтуынша, айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) өсуіне байланысты кассадағы қателіктер мен ақаулар бизнеске бұрынғыдан да қымбатқа түседі.
Салық кодексінің 110-бабына (Бақылау-касса машинасын қолдану жөніндегі жалпы ережелер) сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің басым бөлігі нақты уақыт режимінде мәлімет жіберетін БКМ қолдануға міндетті. Кассалық аппарат таңдағанда кәсіпкерлер kgd.gov.kz порталындағы мемлекеттік тізілімге сүйенуі керек.
Қазір үш жұмыс форматы қолданылады:
- Стационарлық онлайн-кассалар интернетке қосылған дәстүрлі аппараттар;
- Бағдарламалық шешімдер мобильді қосымшалар мен интеграцияланған жүйелер;
- Офлайн режим тек интернет пен мобильді байланыс мүлде жоқ шалғай елді мекендерге рұқсат етіледі.
Сондай-ақ сатып алушының сұрауы бойынша кәсіпкер түбіртекке клиенттің ЖСН немесе БСН нөмірін енгізуге міндетті.
Түбіртек бермегені үшін айыппұл қанша?
Салық органдары бақылау қолма-қол төлемге де, банк картасы арқылы төлемге де жүргізілетінін атап өтті. Бірінші заңбұзушылық кезінде кәсіпкер ескертумен құтылуы мүмкін. Бірақ бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл салынады.
Кассасыз жұмыс істеу немесе ақаулы аппарат қолдану:
- 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл (2026 жылғы мөлшермен 129 750 теңгеден 216 250 теңгеге дейін).
Түбіртек бермеу немесе соманы қате көрсету:
- 20-дан 40 айлық есептік көрсеткішке дейін (86 500 теңгеден 173 000 теңгеге дейін) айыппұл.
- Тұтынушылар да шағым түсіре алады.
Егер сатып алушыға түбіртек берілмесе, ол мемлекеттік кірістер органдарына немесе арнайы мобильді қосымшалар арқылы (мысалы, Wipon) шағым түсіре алады. Айыппұлдан құтылу үшін кәсіпкерлерге кассалық аппараттардың бағдарламалық жасақтамасын уақытылы жаңартып отыру ұсынылады. Сондай-ақ фискалдық деректер операторымен байланыс дұрыс жұмыс істеуі қажет. Түбіртектегі реквизиттердің қате көрсетілуі де заңбұзушылық болып есептеледі.
Еске салайық, бұған дейін қаржы министрлігі медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмекке төлем жасағанда берілетін түбіртектерде науқастың ЖСН-ін көрсету туралы түзетулер жобасын жариялаған еді. Ведомство бұл өзгеріс Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаражатының жұмсалуын бақылауды күшейтіп, есептің ашықтығын арттыруға және көлеңкелі экономиканы азайтуға мүмкіндік беретінін мәлімдеген.
Асханасы мен спортзалы жоқ, от жағады: Қазақстанның кейбір өңірінде ауыл балалары адам шошырлық мектептерде оқып жүр
Оқыңыз