Мектеп бітіру кешінде шампур тығып алған: Алматы облысында Әлібидің өліміне күдікті жасөспірім 10 жылға сотталды

Алматы облысында мектеп бітіру кешінде құрдасы шампур тығып, қаза тапқан 11-сынып оқушысы Әлібидің ісі бойынша сот шешім шығарды. Іс жабық сот отырысында қаралып, күдікті 10 жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бітіру кеші, түлектер отырысы мен жанжал: Оқиға қалай болып еді?
Оқиға 2025 жылдың мамыр айында Долан ауылында болып, көптің жағасын ұстатқан еді. Қаскелеңде түлектер мектеп бітіруін атап өтпек болып, кеш ұйымдастырған. Кеш үшін ата-аналары оларға коттедж жалдап берген. Отырыс барысында кәуап пісіріп, кейбір жасөспірімдер спирттік ішімдік ішкен. Алайда артынша жанжал шыққан.
Болжам бойынша, марқұм 17 жастағы Әліби қызға араша түсемін деп өзі жарақат алған. Әліби ол кезде мас болмаған. Ол қатарлас қызды қорғап, ашулы сыныптасын тыныштандыруға тырысқан екен. Куәгерлердің айтуынша, сол сәтте ашулы оқушы Әлібидің сол жақ кеуде тұсына кәуап пісіретін шампур тығып алған. Марқұмның әжесінің айтуынша, жасөспірімге анасы түнде қоңырау шалғанда, бөлмеде екенін, тамағы ауырып жатқанын айтқан.
Әліби дәрігерлер келгенше көз жұмған.
Бұл оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Мектеп директоры мұндай кештің мектептен тыс ескертусіз, рұқсатсыз жасалғанын айтып түсіндірді. Айтуынша, соңғы қоңыраудан кейін мұғалімдер 11-сынып оқушыларын үйлеріне жіберген. Ал ата-аналар тіпті балаларының мектеп бітіруін тойламайтыны туралы қолхат жазып берген екен. Алайда соған қарамастан қайғылы оқиғадан соң мектеп директоры қызметінен босатылды. Ал директордың орынбасары мен екі сынып жетекшісіне қатаң сөгіс берілді.
Полиция күдіктінің кім екенін анықтап, оны уақытша ұстау изоляторына қамады. Күдікті жасөспірімнің заңды өкілдері де бала тәрбиелеудегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жабық сот отырысы мен үкім
Stan.kz редакциясы оқиғаға байланысты сот шешімі қалай болғанын Алматы облыстық сотынан сұрап көрді. Іс бір жылдай уақыт тергелген. Аталған қылмыстық іс заңнама талаптарына сәйкес жабық сот отырысында қаралды.
“Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 14 қантардағы үкімімен И-ға қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 14-тармағында көзделген (көрінеу кәмелетке толмаған адамды өлтіру) қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған осы баппен 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. (ҚПК-нің 29-бабына сай, істің мән-жайы жарияланбайды)”, – деді сот.
Кейін сотталушы тарап істі облыстық сотқа қайта қарауға жолдаса керек. Алайда Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырған. Ал шыққан үкім заңды күшіне 2026 жылы 14 сәуірде енген.
Оқыңыз