Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Ата-анаңның қолын сүйемін”: Қазақстандық мектеп оқушысының әрекеті Әзірбайжан халқын тәнті етті

әзірбайжан туы
Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде Түркістандық мектеп оқушысы туралы видео кеңінен таралып жатыр. Видеода жасөспірім жерге түсіп қалған Әзірбайжан туын көтеріп алғаны көрсетілген. Оның бұл әрекетіне Қазақстанда ғана емес, Әзірбайжанда да алғыс айтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengri Life порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеода мектеп оқушысының жолдан өтіп барып, жерде жатқан туды көтеріп алғаны көрінеді.

"Түркістанда өткен саммит кезінде бір мектеп оқушысы жерге түсіп қалған Әзірбайжан туын көтеріп, оған құрмет көрсетті", – делінген видеода.

Видео 200 мыңнан астам қаралым жинап, шамамен 12 мың лүпіл алған. Әзірбайжаннан және Қазақстандағы әзербайжан диаспорасы өкілдерінен көптеген жылы пікірлер жазылған.

Пікірлердің арасында  "Өз еліңді құрметтеу өзгені құрметтеуден басталады. Нағыз тәрбие деген осы!", "Түркістан облысындағы әзербайжан этномәдени бірлестігі атынан алғысымды білдіремін. Нұрсұлтан, үлкен азамат болып өс! Ата-анаңа рақмет!", "Ата-анаңның қолын сүйемін! Бауырың Бакуден", "Рақмет, бауырым! Ата-анаңа Алла денсаулық берсін!", "Қазақ бауырларға рақмет! Тұран күш!", "Ата-анаңа құрмет! Әзірбайжаннан сәлем!" деп жазған.

Видео кейіпкері Түркістан қаласының 11-сынып оқушысы Нұрсұлтан Базарбайұлы болып шықты. Оның айтуынша, сол күні үйіне қайтып келе жатып, жерде жатқан туды көрген.

"Сол күні үйге қайтып келе жатқанмын. Жолда жерде жатқан Әзербайжанның мемлекеттік туын байқап қалдым. Қатты желден құлап кеткен болуы мүмкін. Менің ойымша, мемлекеттік ту елдің абыройы мен қадір-қасиетінің белгісі. Сондықтан оны жерде қалдырып кете алмадым. Мен үшін табиғи әрекет болды", – деді ол.

Нұрсұлтан мұндай үлкен қолдау болады деп күтпегенін айтты.

"Видео әлеуметтік желіде тарала бастағанда, көп адамның бұл әрекетімді жоғары бағалағанына қуандым. Әсіресе, алғыс айтып, қолдау білдірген пікірлерді оқу өте әсерлі болды", – деді мектеп оқушысы.

Оның айтуынша, ата-анасы да бұл әрекетін қолдаған.

"Олар мені мақтан тұтатынын айтты. Себебі мен басқа мемлекеттің рәмізіне құрмет көрсеттім. Ата-анам әрдайым назар мен құрметті қажет ететін дүниеден бейжай өтпеуге үйретті", – деді Нұрсұлтан.

Мектептен тыс уақытта Нұрсұлтан стартап-жобамен айналысады. Оның жобасы республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болған. Сондай-ақ ол Астанада өткен Regional Ecological Summit 2026 халықаралық экологиялық саммитіне қатысқан.

Видео таралғаннан кейін Нұрсұлтанмен Қазақстандағы әзербайжан диаспорасының өкілдері байланысқа шықты. Түркістан облысындағы "Қарабах" әзербайжан қоғамдық бірлестігі оның отбасымен арнайы кездесіп, алғыс хат пен естелік сыйлық табыстаған.

@muhammedzhann 👏👏👏 #саммит #туркестан #НИШ #түркістан #turkistan ♬ News, news, seriousness, tension(1077866) - Lyrebirds music

Еске салайық, 15 мамыр күні Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдер басшыларының бейресми саммиті өтті. Саммиттің тақырыбы "Жасанды интеллект және цифрлық даму" болды. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, Ердоған Қазақстанға османдық каллиграфтың қолынан шыққан Құран кітабын сыйға тартқаны туралы жазған едік. 

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 20 Мамыр, 2026 17:00