"Күйеуім оны алып кетуге келген екен": Батырхан Шүкеновтің анасы ұлының қазасы алдындағы түсін еске алды

Танымал әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Батырхан Шүкеновтің анасы Диляра Ибрагимқызы Майя Бекбаеваға берген сұхбатында ұлының өмірден өткенін әлі күнге дейін толық қабылдай алмайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Диляра Ибрагимқызы ұлымен үнемі байланыста болған. Батырхан Шүкенов қанша жерден жұмысы тығыз болса да, анасына хабарласып, халін сұрауға уақыт табатын.
Сапарда жүрсе де, дайындық арасында да, концерт алдындағы қысқа үзілістерде де анасының дауысын естіп, “Мама, қалайсың?” деп сұрауды ұмытпаған.
“Сол күні ұлыма өзім қоңырау шалдым. Ол “Мама, менде бәрі жақсы, уайымдама. Қазір гримге бара жатырмын. Сен маған хабарласпа, репетициядан кейін өзім 10:30-да қоңырау шаламын” деді. Мен содан кейін мазаламадым. Ал дәл сол кезде оның жағдайы нашарлап, өмірден өтіп кеткен екен”, – деп еске алды Дилара Ибрагимқызы.
Әншінің анасының айтуынша, қайғылы оқиғадан бірнеше күн бұрын ол түс көрген. Кейін бұл түсті жақсылыққа жори алмағанын айтады.
“Түсіме күйеуім, Батырханның әкесі кірді. Ол түсімде біреуді қолынан жетектеп алып кетіп бара жатты. Мен олардың соңынан жүгіріп, кімді алып бара жатқанын білгім келді. Бірақ анық көре алмадым. Енді ғана түсініп отырмын: әкесі баласын алып кетуге келген екен”, – деді ол.
Батырханды еске алған әріптестері де оның ерекше болмысын, адамға жылу сыйлай алатын қасиетін атап өтті.
“Ол осы есіктен кіріп келді. Оны көргенде қалай жүгіргенімді елестете алмайсыздар. Кішкентай қыз сияқты жүгіріп барып, “Бата!” деп айғайладым. Ал ол “Мені тек анам ғана осылай атайтынын білесің бе?” деді”, – деп еске алды өнердегі әріптестерінің бірі.
Еске салайық, бұған дейін Батырхан Шүкеновтың ұлы – Мақсұт марқұм әкесі жайлы жылы естеліктерін бөліскені хабарланған еді.
Асханасы мен спортзалы жоқ, от жағады: Қазақстанның кейбір өңірінде ауыл балалары адам шошырлық мектептерде оқып жүр
Оқыңыз