Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық Алма-Арасандағы жаңа әжетхананың пайдалануға берілмей тұрғанына шағымданды

алматылықтардың қоғамдық әжетханаға шағымы
Фото: Видеодан скрин

Қазақстандықтар 10 мамыр күні Алма-Арасан демалыс орнына барығанын, алайда ондағы жаңадан соғылған қоғамдық әжетхананың пайдалануға берілмегенін айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Туристер адам көп жиналатын демалыс орындарында дәретхана сияқты қарапайым әрі қажет дүниелердің жоғына, адамдарға жағдай жасалмағанына ашуланды.

“Алма-Арасан демалыс орнында әжетхана соғыпсындар неге жабық? Ол жерге туристтер өте көп келетін жерлердің бірі. Қарапайып әжетхана жағдайы жасалмаған. Оның артында ескі біреуі тұр, іші масқара. Амал жоқ, кезекпен адамдар соған кіріп жатыр”, – деп жазды желі қолданушысы.

Оның бұл шағымына Алматы қаласы туризм басқармасы әжетханада электрмен жабдықтау және су бұру, кәріз жүйелеріне қосу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып, жауап берді. 

“Қосу және іске қосу-баптау жұмыстары аяқталғаннан кейін нысанды алдағы екі апта ішінде пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта туристік соқпақ бойында келушілердің қолайлығы үшін уақытша санитарлық нысан пайдалануға берілген”, – делінген жауапта.

алматылықтардың қоғамдық әжетханаға шағымы
Фото: Видеодан скрин

17 мамыр күні тағы бір турист Алма-Арасандағы қоғамдық әжетханалардың әлі қолданысқа берілмегенін айтты.

“Неге дәретханалар жабық? Көп адам келіп, кетеді. Адамдар айналаны бүлдіреді. Неге жан-жақта дәретхана қағазы шашылып жатыр? Өйткені дәретхана жоқ. Дәретхананың жанында 10 минут күттім. Бұған дейін жабық тұрған, әлі жабық тұр. Бүгін 17 мамыр”, – деп жазды желі қолданушысы.

Алматы әкімдігі нысан 16 мамыр күні іске қосылып, пайдалануға беріледі деп уәде еткен еді. Алайда жоспар бойынша 3 күні бұрын қолданысқа берілу керек дәретхана әлі жабық тұр. 

“Аумақта келушілерге арналған қоғамдық дәретхана орнатылып, 16 мамырдан бастап пайдалануға берілді”, – деп жауап берген басқарма.

Stan.kz редакциясы Алматы туризм басқармасына хабарласып, қазақстандықтардың шағымын жеткізді. Ведомствоның мәліметінше, бұл әжетханалар 16 мамырдан бастап жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ оның ивестициялық жоба екенін атап өтті.

“Бұл нысан туризм басқармасына тиесілі емес. Жеке кәсіпкердің инвестициясымен салынды. Бірақ дәретхана уәде етілген күннен, яғни 16 мамырдан бері іске қосылды”, – делінген жауапта.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 20 Мамыр, 2026 17:10