Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екі елдің ұстанымдары ұқсас": Тоқаев Кения президентіне І дәрежелі "Достық" орденін тапсырды

Тоқаев Уильям Рутоны Достық орденімен марапаттады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кения президенті Уильям Рутоны І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады. Екі тарап кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстан мен Кения президенттері кеңейтілген құрамда жүргізген келіссөз барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық перспективасы қарастырылды.Мемлекет басшысы Кения Қазақстанның Африка құрлығындағы маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі екенін атап өтті. 

“Кения – Африканың қарқынды дамып келе жатқан және озық елдерінің бірі. Географиялық тұрғыдан елдеріміз алшақ орналасса да, бізді жаңғыруға деген ұмтылыс пен болашаққа сенімді көзқарас біріктіреді. Қазақстан Еуразия жүрегінде орын тепкен, ал Кения Шығыс Африканың экономикалық орталығы саналады. Біз нарықтарды және көлік бағдарларын байланыстырып, инвестициялар мен тың мүмкіндіктерге жол ашу арқылы Орталық Азия мен Африка арасына дәнекер бола аламыз. Жаңа ғана екіжақты қарым-қатынастың негізгі бағыттарын талқылап, халықаралық күн тәртібі жөнінде пікір алмастық. Елдеріміздің жаһандық мәселелерге қатысты ұстанымдары ұқсас. Біз бейбіт сыртқы саясат жүргізіп, мультилатерализм қағидатына сай әлемдік тәртіпті дәйекті түрде жақтап келеміз”, – деді президентіміз.

Сондай-ақ ол Қазақстанның ортақ мақсаттарды өзара тиімді әрі нақты жобаларға ұластыруға дайын екенін атап өтті. Мемлекет басшысы жүзеге асқан келісімдер Қазақстан мен Кения ынтымақтастығын жаңа және сапалы деңгейге көтеретініне сенімді екенін жеткізді.

Президент өзара сауда мен инвестиция мүмкіндіктерін кеңейту үшін Іскерлік кеңес құруды ұсынды.

Тоқаев Уильям Рутоны Достық орденімен марапаттады
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Кения президенті Уильям Рутоға І дәрежелі "Достық" орденін тапсырды.

“Қарым-қатынасымызды дамытудағы күш-жігеріңіз ерекше маңызға ие. Сізді Қазақстанда сенімді дос және халықаралық деңгейдегі көрнекті мемлекет қайраткері ретінде таниды. Кенияны экономикалық тұрғыдан өркендетуге, елді жаңғыртуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды реформаларыңыз құрметке лайық”, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Кения Президентінің Африкадағы бірлікті сақтауға, әлемдік қоғамдастықпен мазмұнды серіктестікті дамытуға ықпал ететін сындарлы диалогқа бейіл екенін атап өтті.  

“Қазақстан мен Кения арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқаныңызды ескере отырып, Сізге І дәрежелі "Достық" орденін тапсыруды зор мәртебе санаймын. Бұл жоғары марапат – Қазақстанның шексіз құрметі мен ризашылығының, сенім мен өзара құрметке негізделген қарым-қатынасты жандандыру ниетінің белгісі”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кения президенті өз кезегінде жоғары наградамен марапаттағаны үшін мемлекет басшысына алғысын білдірді. Ол бірлік, өзара құрмет пен ынтымақты бейнелейтін аталған орденмен марапатталғаныма қуанышты екенін жеткізді. Кения жұрты да Қазақстан халқы сияқты үйлесімді өркендеуге ұмтылатынын атап өтті. Уильям Руто бұл марапаттың екі елдің достық рухындағы серіктестігін одан әрі нығайтуға жол ашады деп сенеді.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 20 Мамыр, 2026 15:05