Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ербаян Мұхтардың мәйіті сараптамаға жіберілді: Мәйітхана маңында полициямен жанжал болды

Ербаян Мұхтар
Фото: Әлеуметтік желіден

Қаза тапқан сарбаз Ербаян Мұхтардың мәйіті сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Осыған байланысты туыстары әзірге денені ала алмай отыр. Мәйітті сараптама орталығына жеткізу кезінде туыстар мен полиция қызметкерлері арасында жанжал туындап, оқиға бойынша қызметтік тексеру басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаза тапқан сарбаз Ербаян Мұхтардың әкесі Хамит Мұхтар Астанадағы мәйітхана алдында видеоүндеу жариялады. Оның айтуынша, отбасы әзірге ұлының мәйітін ала алмай отыр, себебі ол сот-медициналық сараптамаға жіберілген.

Хамит Мұхтардың айтуынша, туыстары Астанадағы мәйітханаға ұлының денесін алып кету үшін жиналған. Алайда әзірге бұған мүмкіндік жоқ. Мәйіт сот-медициналық сараптамаға жолданған, ал туыстары прокуратурадан қажет құжаттарды күтіп отыр. Сол құжаттар алынғаннан кейін ғана мәйітті алып кетуге болады.

Әкесі бұдан былай отбасы тек ресми және тексерілген ақпаратты жариялайтынын мәлімдеді. Ербаянның ағасы Наурызбай Сакибаевтың айтуынша, мамыр айының соңында оның жағдайы пневмония аясында күрт нашарлап, ауруханаға жатқызылған.

Туыстарының сөзінше, жансақтау бөлімінде науқасқа тиісті деңгейде күтім көрсетілмеген. Олар Ербаянды үйге алып кеткен кезде тыныс алу түтігінің іріңмен бітеліп қалғанын байқағанын айтты. Отбасы инфекция медициналық қызметкерлер тарапынан жеткілікті күтім болмағандықтан таралуы мүмкін деп есептейді.

Наурызбайдың айтуынша, өмірінің соңғы сағаттарында Ербаянда өмір белгілері сақталғанына қарамастан, өкпені жасанды желдету аппараты ажыратылған. Оның сөзінше, анасы палатаға кірген кезде пульсі байқалған, ал аппарат өшірілгеннен кейін Ербаян қайтыс болған.

Туыстары марқұм қайтыс болғаннан кейін де денесі жылы болып, қан айналымының әлсіз белгілері байқалған. Кейінірек мәйітті тасымалдау кезінде туыстар мен полиция қызметкерлері арасында жанжал болғаны туралы ақпарат тарады. Астана полиция департаменті оқиғаның болғанын растады. Ведомствоның мәліметінше, қызметкерлер мәйітті нақты өлім себебін анықтау үшін міндетті түрде жүргізілетін сот-медициналық сараптама орталығына жеткізуге келген.

Полицияның хабарлауынша, олар жиналғандардың қарсылығына және физикалық кедергісіне тап болған. Осы факті бойынша қызметтік тексеру басталды. Осылайша, оқиғаға қатысқан барлық тараптың, соның ішінде полиция қызметкерлерінің де әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. 

2023 жылдың желтоқсанында Ербаян Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген кезде ауыр бас-ми жарақатын алған және комаға түскен. Әскери бөлім басшылығы сарбаздың дәретханада тайып құлап, басын плиткаға соққанын мәлімдеген. Алайда ауруханадағы тексерулер ми соғылуы, жедел субдуралды гематома, шүйде сүйегінің сынуы және басқа да ауыр жарақаттарды анықтады. Осыдан кейін оған бірнеше ота жасалды, бірақ ол толық қозғала алмайтын күйде қалды. Туыстары ресми нұсқаға күмән келтіріп, оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды.

2024 жылы Ұлттық ұлан өкілдері казармалардағы дәретханаларға бейнебақылау камераларын орнату мәселесіне пікір білдірген еді. Бұл мәселе Ербаян Мұхтардың ісімен тікелей байланыстырылды. Сол кездегі Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов этикалық нормалар дәретханаларға камера орнатуға мүмкіндік бермейтінін айтқан. Оның сөзінше, бейнебақылау ұйықтайтын бөлмелерде, қару сақталатын орындарда және әскери қызмет өтетін аймақтарда бар.

Журналистер сарбаздың отбасы оны дәл сол жерде соққыға жығуы мүмкін деп есептейтінін айтып, неге камера орнатылмайтынын сұрағанда, Үмбетов Ербаянды біреу ұрды деп нақты айтуға негіз жоқ екенін мәлімдеген. 2026 жылғы 24 маусымда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы Ербаян Мұхтардың жақындарына көңіл айтты.

Ведомствоның мәліметінше, дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы оның өмірі үшін күрескен. Алайда ауыр жарақат салдарынан миында қайтымсыз өзгерістер болған. Министрлік Ербаянның 2023 жылдан бері өте ауыр жағдайда болғанын, оған тұрақты вегетативтік күй диагнозы қойылғанын хабарлады. Қарқынды емге және тыныс алуды қолдау шараларына қарамастан жағдайы жақсармаған.

Маусым айында негізгі ауыр сырқаттың аясында сепсис пен көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыған. Биологиялық өлім 2026 жылғы 23 маусым күні сағат 21:40-та тіркелген. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өлімнің тікелей себебі — ауыр бас-ми жарақатының салдары мен қосымша асқынулар аясында дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы. Сондай-ақ ведомство пациенттің заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген палатада жатқанын, қажетті ем мен күтімді алғанын және туыстарына оған кіруге мүмкіндік берілгенін атап өтті.

Бұған дейін Ербаян Мұхтардың отбасылық адвокаты Инга Иманбай жігіттің ауруханада көз жұмғанын айтқан еді.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында әскери бөлімде жарақат алып, алты ай бойы комада жатқан сарбаздың анасы әділдік талап еткені туралы жазған едік. Анасының айтуынша, сарбазға әскери бөлімде қысым көрсетілген. Кейін тіпті ата-анасының рұқсатынсыз дәрігерлер оған ота жасап, миының жарты бөлігін алып тастаған. Қазақстандықтар 6 айдан астам комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтардың емі үшін 230 миллион теңге жинап берді. Кейін Ербаян Түркиядан ем алып келген еді.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 17:50