Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жылап, дұғамызды оқыдық": Алматы-Шымкент рейсі ауа райына байланысты Таразға қонуға мәжбүр болды

ұшақ
Фото: Видеодан скрин

Алматыдан Шымкентке бағыт алған SCAT Airlines әуе компаниясының рейсі ауа райына байланысты Таразға қонуға мәжбүр болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Ұшақ 15 минут бойы шайқалды”

Аталған жайды araytolegen есімді қолданушы Threads желісіндеші парақшасында жазды. Оның айтуынша, рейс бастапқыда сағат 22:50-ге ұшуы тиіс болған. Алайда ұшақ әуелі 30 минут, кейін тағы жарты сағат кешігіп, нәтижесінде түнгі сағат 00:00-де ұшқан. 

“Шымкент әуежайына қонуға шамамен 15 минут қалғанда ауа райы күрт нашарлады. Найзағай ойнап, ұшақ турбулентті аймаққа тап болып, ұшақ 15 минут бойы шайқалды. Жолаушылардың көбі үрейленіп, кейбірі дұға оқып, жылады. Ал бортсеріктер бізді сабырға шақырып, жағдайдың бақылауда екенін айтты”, – дейді қолданушы. 

Жолаушының айтуынша, ұшақ Шымкентке қона алмаған соң Тараз қаласындағы әуежайға тұрақтаған. 

“Кейін экипаж ұшақты Тараз қаласындағы қосалқы әуежайға қондыру туралы шешім қабылдады. Бірақ бізге бұл жөнінде ұшу барысында хабарланған жоқ. Тек қонған соң Таразға келгенімізді айтты. Ұшақ шамамен сағат 02:00-де Таразға қонып, әуежайда бір сағаттай күттік. Кейін рейс қайта жалғасып, Шымкентке ұштық. Алайда әуедегі жағдайдан соң жолаушылардың жартысына жуығы қайта ұшудан бас тартты”, – деп жазды қолданушы. 

Әуе компаниясы не дейді?

Ал SCAT Airlines компаниясы рейстің бағытын өзгертуге Шымкенттегі ауа райының күрт нашарлауы себеп болғанын мәлімдеді.

“Қону кезінде желдің екпіні секундына 24 метрге дейін күшейіп, найзағай ойнап, жауын жауды. Осыған байланысты экипаж қауіпсіздік мақсатында ұшақты Тараз қаласындағы қосалқы әуежайға бағыттау туралы шешім қабылдады. Ауа райы жақсарған соң шамамен 1,5 сағаттан кейін рейс қайта жалғасып, ұшақ Шымкент әуежайына штаттық режимде сәтті қонды”, – делінген жауапта. 

Айта кетейік, бұған дейін Air Astana ұшағы дәретханалардың істен шығуына байланысты Пекинге шұғыл қонғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 17:41