Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Халыққа арналған автолизинг: Қайда және қаншалықты тиімді

Автолизинг

Фото: magnific.com/

Қазақстандағы автокөлік нарығы қарқынды дамып келеді. Саланың барлық бағыттарында өсім байқалады: автокөлік өндірісі артып жатыр, соның ішінде ұсақ тораптық құрастыру әдісімен өндіріс көлемі көбейген, дилерлік желі кеңейіп, автонесие нарығы өсіп келеді. Соған байланысты халықтың автокөлік сатып алу көлемі де артып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ranking.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Нарықтағы маңызды оқиғалардың бірі – 2025 жылдың соңында жеке тұлғалар үшін автолизинг бағдарламасының пилоттық түрде іске қосылуы болды. Бағдарлама нәтижелері бойынша бірқатар кедергілер анықталып, олар кейін талданып, 2000 жылғы 5 шілдедегі "Қаржылық лизинг туралы" заңға өзгерістер ретінде енгізілді. Сонымен қатар ақылы жолдарды пайдалану сервисімен интеграция жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Заңнамалық өзгерістер күшіне енгеннен кейін бұл бағдарлама елдегі автопаркті жаңартуға серпін беретін негізгі құралдардың біріне айналып, азаматтар үшін қолжетімді болады.

Айта кетейік, Қазақстанда автолизинг бұрыннан бар, бірақ ол тек заңды тұлғаларға ғана қолжетімді болған. Енді халыққа да қолжетімді ету үшін шаралар қабылданып жатыр. Бұл тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде кең таралған.

Бұл материалда біз автолизинг деген не екенін, оның автонесиемен айырмашылығын және тұтынушыға қандай пайдасы бар екенін қарастырамыз.

Автолизинг деген не – Қарапайым сөзбен

Қарапайым сөзбен айтсақ, лизинг – бұл автокөлікті ұзақ мерзімге жалға алу, кейін оны сатып алуға мүмкіндік беретін қызмет.

Автокөлікті несиеге алған кезде адам бірден оның иесі болады, ал банк тек көлікті сатып алуға ақша береді. Көлік несие толық өтелгенше кепіл ретінде тұрады.

Лизингте жағдай басқаша. Көлікті лизингтік компания сатып алады және келісімшарт мерзімі бойы сол компанияның меншігінде қалады. Клиент көлікті пайдалану құқығын алып, ай сайын белгіленген төлем төлейді. Келісім мерзімі аяқталған соң, ол көлікті алдын ала белгіленген қалдық бағамен сатып ала алады немесе көлікті қайтарып, басқа көлікке жаңа келісімшарт жасай алады. 

Сондықтан көптеген елдерде лизинг автокөлікті сатып алу тәсілі ретінде емес, оны пайдаланудың ыңғайлы моделі ретінде қарастырылады.

Лизинг пен автонесиенің айырмашылығы неде?

Бір қарағанда, екі құрал ұқсас: клиент көлікті бірден алады, ал ақшасын біртіндеп төлейді. Бірақ олардың айырмашылығы маңызды.

Автонесиеде негізгі мақсат – көлікті жеке меншікке алу. Несие толық өтелгеннен кейін қосымша әрекет қажет емес: көлік бірден иесіне тиесілі болады. Бірақ несие өтелгенге дейін көлік банкке кепіл ретінде тұрады.

Лизинг басқаша жұмыс істейді. Оның негізгі идеясы – адамға көлікті белгілі бір уақытқа қажет кезінде пайдалану мүмкіндігін беру. Келісім аяқталғаннан кейін клиент көлікті не істейтінін өзі таңдай алады. Егер ол көлікті өзіне қалдырғысы келсе, оны сатып алу тәртібі лизинг берушімен алдын ала келіседі.

Сонымен қатар көліктің иесі лизингтік компания болғандықтан, клиентке қойылатын талаптар банк несиесінен өзгеше болуы мүмкін. Әлемдік тәжірибеде бұл клиенттің төлем қабілетін бағалауға икемдірек қарауға мүмкіндік береді.

Дегенмен лизинг автонесиеге толық балама емес, бөлек қаржы өнімі. Егер адам көлікті ұзақ жылдар, мысалы 10 жыл және одан да көп уақыт пайдалануды жоспарласа, онда автонесие көбіне үйреншікті әрі түсінікті нұсқа болып қалады.

Лизинг
Фото: ranking.kz

Не себепті лизинг бүкіл әлемге танымал болды?

Соңғы онжылдықтарда автолизинг нарығы дамыған елдердің барлығында дерлік айтарлықтай өсті. Еуропаның көптеген мемлекеттерінде және Солтүстік Америкада жаңа көліктердің елеулі бөлігі дәл осы лизинг бағдарламалары арқылы сатып алынады.

Бүгінде әлемде жаңа автокөліктердің шамамен 35%-ы лизинг арқылы алынады, бұл өнімнің өте танымал екенін көрсетеді. Лизинг көлікті иеленбей-ақ пайдалануға мүмкіндік береді, соның арқасында бастапқы шығындар тікелей сатып алумен салыстырғанда 40-60% төмендейді. Лизинг арқылы алынатын көліктердің басым бөлігі, шамамен 74% – жеңіл автокөліктер.

Тағы бір маңызды жайт: лизингтегі көліктер көбіне 3-4 жыл сайын жаңартылып отырады, бұл нарықтағы тұрақты сұранысты сақтап, саланың өсуіне ықпал етеді.

Халықаралық аналитикалық агенттіктердің бағалауынша, әлемдік автолизинг нарығы 2024 жылы шамамен 400 миллиард АҚШ долларына бағаланған, ал қолданыстағы лизинг келісімдерінің саны 48 миллионнан асқан. 2029 жылға қарай бұл нарық 520 млрд доллардан асады, ал келісімдер саны 56 миллионға дейін өседі деген болжам бар.

АҚШ – мысал ретінде

Әлемдік автолизинг нарығының шамамен 29%-ы Америка Құрама Штаттарына тиесілі және ол ең ірі ұлттық нарық болып саналады. Елде әрбір үшінші жаңа жеңіл көлік тікелей сатып алынбай, лизинг арқылы алынады.

Тұтынушылық лизинг басым, оның үлесі шамамен 62%, ал корпоративтік сегмент 38%-ға тең. Автолизинг саласын талдау көрсеткендей, ең жиі қолданылатын келісім мерзімі 24-36 ай аралығы және барлық белсенді келісімдердің 70%-дан астамы осы мерзімге тиесілі. Дилерлік желілердің жоғары дамуы, көліктің қалдық құнын басқару тәжірибесінің жетілдірілуі және көліктердің жиі жаңартылып отыруы нарықтың тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар АҚШ-та премиум санаттағы көліктерді тіркеудің 55%-дан астамы лизингтік схемалар арқылы жүзеге асады, бұл елдің нарықтағы көшбасшылығын күшейтеді.

Аймақтар бойынша нарықтағы жетекші елдер:

  • Еуропада – Германия мен Ұлыбритания;
  • Азия-Тынық мұхиты аймағында – Қытай мен Жапония.

 

АҚШ кейсі: Әр 3 жыл сайын көлікті ауыстыру, сатумен әуре болуды қажеті жоқ

АҚШ-та лизинг – жаңа көлік алудың ең кең таралған тәсілдерінің бірі. Әдетте, келісімшарт 36 айға жасалады және жылдық жүріс шегі белгіленеді (мысалы, 12-15 мың миль).

Клиент бастапқы жарна төлейді (кейде мүлдем болмайды), содан кейін ай сайын көлікті пайдаланғаны үшін төлем жасап отырады. Келісім мерзімі аяқталғаннан кейін оның үш нұсқасы болады:

  • Көлікті алдын ала белгіленген қалдық бағамен сатып алу;
  • Көлікті лизингтік компанияға қайтару;
  • Бірден жаңа көлікке жаңа келісімшарт жасау.

 

АҚШ-тың ерекшелігі неде?

Америкалық модельдің басты артықшылығы – адам көлікті кейін сататын кезде әбігерге түспейді. Екінші нарықтағы бағаның өзгеру тәуекелі көбіне лизингтік компанияның мойнында болады. Сондықтан АҚШ-та көптеген адамдар әр 2-3 жыл сайын жаңа көлікке отырып, оны сатумен немесе қайта өткізумен айналыспайды.

Еуропа кейсі: көлік – шығыны тұрақты жазылым сияқты

Еуропаның көптеген елдерінде, мысалы, Германия, Нидерланд, Ұлыбританияда лизинг біртіндеп тек қаржыландыру құралы емес, толық қызмет пакеті бар жүйеге айналған.

Мұнда лизинг келісіміне тек көлікті пайдалану ғана емес, сонымен бірге:

  • Сақтандыру;
  • Жоспарлы техникалық қызмет көрсету;
  • Жолда көмек көрсету қызметі;
  • Кейде қысқы немесе жазғы дөңгелектерді ауыстыру сияқты қызметтер де кіреді.

Клиент көлікті "дайын пакет" ретінде алады: тек жанармай немесе электр қуатына төлейді және келісім шарттарын сақтайды. Келісім аяқталған соң көлікті компанияға қайтарады да, бірден жаңа модельді таңдай алады.

Еуропаның ерекшелігі неде?

Еуропалық модель көлік иелігін барынша алдын ала болжамды етеді. Барлық шығындар бір айлық төлемге біріктіріледі, сондықтан күтпеген үлкен шығындар болмайды және бюджет жоспарлау жеңілдейді. Сондықтан бұл жүйе көлікті жиі жаңартып отыратын, бірақ меншікке емес, жайлылыққа көбірек мән беретін адамдар арасында өте танымал.

Лизинг
Фото: ranking.kz

Лизинг не себепті танымал?

Ең алдымен, адамдардың көлікке деген көзқарасы өзгеріп жатыр. Көптеген тұтынушылар көлікті ұзақ мерзімді мүлік ретінде емес, қызмет немесе жай ғана қозғалыс құралы ретінде қарай бастады. Мұндай өзгеріс басқа салаларда да бар. Атап айтқанда, онлайн жазылымдар немесе тұрғын үйді жалға алу.

Екінші себеп – автокөлік технологияларының тез жаңаруы. Қазіргі көліктерде жаңа қауіпсіздік жүйелері, мультимедиа, электр және гибридті қозғалтқыштар пайда болып жатыр. Сондықтан көптеген адамдар көліктің ескіргенін күтпей, 3-5 жыл сайын жаңартуды жөн көреді. 

Лизинг дәл осындай тұтыну үлгісіне сай келеді, өйткені ол ескі көлікті өзің сатпай-ақ жаңасына ауысуға мүмкіндік береді.

Үшінші себеп – көптеген елдерде лизинг төлеміне қосымша қызметтер кіреді: техникалық қызмет көрсету, сақтандыру, дөңгелектерді маусым сайын ауыстыру, жолда көмек көрсету және т.б. Соның арқасында шығындар алдын ала белгілі, ал көлікті пайдалану әлдеқайда жеңіл әрі ыңғайлы болады.

Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасын қайта іске қосу

Бұған дейін айтылғандай, Қазақстанда жеке тұлғалар үшін автолизингті енгізу алғаш рет пилоттық режимде іске асырылған еді. Пилоттық кезеңнің қорытындысы бойынша бұл тетік тәжірибе барысында анықталған ерекшеліктер мен кемшіліктерді ескере отырып жетілдіруге жіберілді.

Қазір жағдай дамып келеді: Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты 2000 жылғы 5 шілдедегі "Қаржылық лизинг туралы" заңға енгізілетін түзетулерді қарастырып, мақұлдады.

Ұсынылып отырған өзгерістер нарық мүмкіндіктерін едәуір кеңейтіп, лизингті жеке тұлғалар үшін қолжетімді әрі тартымды етеді. Жаңалықтардың толық мәтінімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының ресми сайтында танысуға болады.

Егер бұл түзетулер қабылданса, халыққа арналған лизинг нарығы жаңа серпін алады. Бұрынғы шектеулер жойылғандықтан және жинақталған тәжірибе ескерілгендіктен, жаңа модель анағұрлым тұрақты әрі сұранысқа ие болады деген болжам бар.

Қосымша фактор – заңды тұлғалар сегментіндегі лизинг нарығының дамуы. Бұл нарық елде жақсы қалыптасқан және тұрақты өсім көрсетіп отыр, бұл лизинг моделінің жұмыс істейтінін және қаржылық-институционалдық механизмдердің жолға қойылғанын дәлелдейді.

Соңғы жылдары бизнеске арналған лизинг нарығы қарқынды дамып келеді. 2025 жылдың соңына қарай қаржылық лизинг портфелі рекордтық 3,4 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 36%-ға өсті. Соңғы бес жылда оның көлемі шамамен төрт есе артқан. Операциялық лизинг сегменті әлі салыстырмалы түрде кіші болғанымен, оның да өсімі жоғары: 2025 жылдың соңына қарай портфель 28%-ға өсіп, 26 миллиард теңгеге жетті, ал соңғы он жылда ол алты еседен астам ұлғайды.

Осылайша, заңды тұлғалар сегментіндегі тұрақты өсім елде қажетті нарықтық механизмдер қалыптасқанын көрсетеді. Бұл өз кезегінде жеке тұлғаларға арналған лизингтің одан әрі дамуына берік негіз және үлкен әлеует қалыптастырады.

Лизинг кімдер үшін тиімді?

Лизинг кең аудиторияға арналғанымен, бәріне бірдей тиімді емес. Бұл құрал әдетте белгілі бір өмірлік жағдайларда ыңғайлы.

Ең алдымен, лизинг көлікті жиі ауыстырып отыратын адамдарға қызық болуы мүмкін. Олар үшін ескі көлікті өздері сатып, жаңасын іздеудің қажеті жоқ – бір келісім аяқталып, бірден жаңасын рәсімдей алады.

Тағы бір жағдай – Қазақстанда тұратын, бірақ азаматтығы жоқ адамдар, яғни резидент еместер. Оларға әдеттегі автонесие алу қиын болуы мүмкін, ал лизинг компаниясының шарттарына байланысты бұл құрал көлікке қолжетімділікті жеңілдете алады.

Ал керісінше, бір көлікті сатып алып, оны ұзақ жылдар бойы пайдалануды жоспарлайтын адамдар үшін лизингтің артықшылықтары онша айқын болмауы мүмкін.

Қорытынды

Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизингтің пайда болуы автонесиелердің өзектілігін жоғалтады дегенді білдірмейді. Керісінше, нарықта азаматтарға арналған қосымша қаржы құралы пайда болады. Бұл көлік алудың түрлі тәсілдерін көбейтіп, жалпы қолжетімділікті арттырады.

Егер автонесие негізінен көлікті жеке меншікке алуға бағытталса, лизинг көлікті пайдаланудың икемдірек моделін ұсынады. Біреулер үшін көліктің иесі болу маңызды болса, енді біреулер үшін – көлікті жиі жаңартып отыру, ай сайынғы тұрақты төлемді алдын ала білу және кейін қайта сатумен айналыспау маңызды.

Бұл модельде басты назар – көлік иелігіне емес, мобильділікке және автопаркті уақытылы жаңартып отыру. Әсіресе, бұл үрдіс дамыған елдердегідей премиум санаттағы көліктер нарығында айқын байқалуы мүмкін.

Сонымен қатар лизинг шетелдіктер үшін де қолжетімді. Себебі автонесиеге қатысты оларға жиі шектеу қойылады немесе мүлдем қолжетімсі. Бұл туристер, цифрлық көшпенділер және елде жұмыс істейтін шетелдік мамандар үшін автокөлікті пайдалануды жеңілдетіп, нарықты ашық әрі тартымды етеді.

Сондықтан дамыған елдердің көпшілігінде автонесие мен лизинг бір-біріне бәсекелес емес, керісінше қатар жүріп, әртүрлі қажеттіліктерге арналған шешімдер ұсынады.

Лизинг
Фото: ranking.kz

 

 

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 15:40