Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Адай" күйінің өңделген нұсқасын пайдаланған қазақстандыққа 500 мың теңге өтемақы төлеу міндеттелді

Адай күйі арыз
Фото: gov.kz

Ақтөбе тұрғыны “Адай” күйінің аранжировкасын заңсыз пайдаланғаны үшін авторға жарты миллион теңгеге жуық өтемақы төлеуге міндеттелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Time.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ер адам Ақтөбеде болған тойда “Адай” күйін орындап, бұл жағдай сотқа жеткен. Арызданушы – күйші-виртуоз, музыкант Нұржан Тәжікен. Оның айтуынша, тойда күйдің түпнұсқасы емес, өзі жасаған аранжировка қолданылған.

Музыканттың айтуынша, “Адай” күйінің осы өңделген нұсқасы 2017 жылы YouTube желісіне жүктеліп, содан бері 10 миллионнан астам қаралым жинаған. Ол өз авторлық құқығының бұзылғанын айтып, соттан жауапкерді құқық бұзушы деп тануды, шығарманы заңсыз пайдалануды тоқтатуды және 1,5 миллион теңге көлемінде өтемақы өндіруді сұраған.

Өз кезегінде жауапкер тойда "Адай" күйін өзі орындағанын, ал Тәжікеннің аранжировкасын тек фон ретінде пайдаланғанын айтты. Сондай-ақ ол сол кеште жалдамалы музыкант болмағанын, ешқандай ақы алмағанын, тек қонақтардың өз еркімен 25 мың теңге бергенін жеткізді.

Сондықтан талапкер сұраған өтемақыны негізсіз деп санап, отбасылық жағдайын алға тартып, ең көбі 200 мың теңге төлей алатынын айтқан. 

 Жауапкер сотта Нұржан Тәжікеннің авторлық құқығы оған куәлік берілген күннен, яғни 2025 жылғы 31 желтоқсаннан бастап күшіне енгенін айтқан.

Алайда сот бұл уәжбен келіспеді. Өйткені куәлік аранжировканың дәл сол күні жасалғанын емес, оның 2017 жылғы 24 желтоқсанда жасалғанын растайтын құжат екенін атап өтті.

Сот сондай-ақ заң бойынша авторлық құқық шығарма жасалған сәттен бастап пайда болатынын түсіндірді. Ол үшін шығарманы міндетті түрде тіркеудің немесе басқа да арнайы рәсімдерден өткізудің қажеті жоқ.

Істі қараған сот талап арызды ішінара қанағаттандырды:

  • Жауапкердің авторлық құқықты бұзғанын мойындады;
  • Нұржан Тәжікеннің шығармасын заңсыз пайдалануға тыйым салды;
  • Авторға 471,8 мың теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді.
Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 14:14