Ресейлік "ВкусВилл" дүкендер желісі Қазақстандағы дүкендерін жабады

Ресейлік азық-түлік желісі "ВкусВилл" Қазақстандағы барлық дүкендерін жабатынын мәлімдеді. Компанияның хабарлауынша, сауда нүктелері 2026 жылғы 9 тамызға дейін жұмыс істейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Компанияның мәлімдеуінше, дүкендердің жабылуына өнім сапасына қойылатын өз стандарттарын сақтай отырып, қажетті ассортиментті қамтамасыз етудің қиындауы себеп болған. Соған қарамастан, "ВкусВилл" өнімдері маркетплейстер мен бірқатар сауда желілерінде сатыла береді.
Дегенмен "ВкусВилл" өнімдері алдағы уақытта маркетплейстер арқылы сатылып, сондай-ақ қазақстандық сауда желілеріне жеткізіліп тұрады. Компания өкілдерінің айтуынша, бизнесті кеңейту үшін өнім түрлерін көбейту қажет. Бірақ қазіргі сапа мен өнім құрамына қойылатын талаптарды сақтай отырып, мұндай ассортиментті қамтамасыз ету қиынға соғып отыр. Сондықтан ендігі басымдық сауда желілерімен және онлайн-платформалармен әріптестікті дамытуға беріледі.
Компания пайдаланылмаған клуб карталарының мерзімі үшін төленген қаражат автоматты түрде қайтарылатынын айтты.
Айта кетейік, "ВкусВилл" Қазақстан нарығында екі жыл жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде компания жергілікті өнімдерді дамыту жобасын іске асырып, бірқатар негізгі санаттарда өз сауда белгісімен шығарылатын отандық өнімдердің үлесін 30%-ға дейін жеткізген. Олардың қатарында сүт өнімдері, нан, дайын тағамдар, көкөністер мен жеміс-жидектер бар.
"ВкусВилл" компаниясының негізін ресейлік кәсіпкер әрі инвестор Андрей Кривенко қалаған. Оның байлығы Forbes дерегі бойынша шамамен 1,1 миллиард долларға (536 118 000 000 теңге) тең.
"ВкусВилл" экожүйесіне тегін жеткізу қызметі, микромаркеттер, вендинг аппараттары, B2B бағыты, дайын рациондар мен кейтеринг қызметтері кіреді. Компания 2023 жылдың маусымында Қазақстандағы сауда желілеріне жеткізу қызметін іске қосқан болатын. Кейінірек өнімдері Q-Store дүкендерінде, жанармай құю бекеттерінде, кинотеатрларда және маркетплейстерде сатыла бастады. Ал 2023 жылдың қарашасында "ВкусВилл" Қазақстанда отбасылық мейрамханалар желісі АндерСон брендін сатып алған еді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы ірі сүт өнімдерін өндірушілердің бірі Amiran компаниясы Алматы облысы әкімдігінің субсидия бойынша 200 миллион теңгеден астам қарызын өтемей отырғанын мәлімдеген еді. Компания бір жылдан бері жем-шөп, сүт, тұқым және тыңайтқыштарға арналған мемлекеттік қолдау қаржысын алмағанын айтып, мәселе шешілмесе зауыт жұмысы тоқтауы мүмкін екенін ескерткен болатын.
11 миллион теңгеге дейін: Қазақстандықтар пәтер жөндеуге қанша жұмсайтынын айтты
Оқыңыз