Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бес тіл меңгерген қазақстандық полицей әлемнің түкпір-түкпірінде адамдарға көмектесіп жүр

Қарағандылық полицей
Фото: Видеодан скрин

Қарағандылық полиция аға лейтенанты Фуркан Юк бес тілді еркін меңгеріп, әлемнің 18 елін аралаған. Ол қызмет барысында ғана емес, шетелде жүргенде де қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесіп, қазақстандықтар мен шетел азаматтарының алғысына бөленіп жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Жетінші арна” телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қарағанды қаласының полиция аға лейтенанты Фуркан Юк қызмет барысында ғана емес, шетелде демалып жүрген кезінде де қиын жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созып келеді. Ол қазақ, орыс, ағылшын, түрік және француз тілдерін еркін меңгерген, сондай-ақ осы уақытқа дейін 18 елде болған.

Фурканның айтуынша, адамның қай жерде жүргеніне қарамастан, көмекке мұқтаж жанға жәрдем беру – әр азаматтың міндеті. Сондықтан ол өзін әлемнің кез келген нүктесінде де полицей ретінде сезінетінін айтады.

Анталияда демалып жүрген кезінде Фуркан досымен бірге толғағы басталған жүкті әйелді байқап, оны дер кезінде ауруханаға жеткізген. Ал Италияда құжаттары мен ақшасынан айырылған қазақстандық отбасыға көмектесіп, оларды полиция бөлімшесі мен Қазақстан консулдығына апарып, жол және тұру шығындарын өтеуге қолдау көрсеткен.

"Қазақ тілінде сөйлеп тұрғанын естігенде жерлесім екенін түсіндім. Сондықтан қолдан келген көмекті көрсеткім келді. Полиция бөлімшесіне бірге барып, қажетті анықтамаларды алдық, кейін консулдыққа баруына жәрдемдестік", – дейді Фуркан Юк.

Әріптестерінің айтуынша, жас инспектор миграциялық қызметте шетел азаматтарымен жұмыс істеуде ерекше белсенділік танытады. Тілдерді жетік білуінің арқасында ол Қазақстанға келген шетелдіктерге құжат рәсімдеу мен түрлі мәселелерді шешуде көмек көрсетеді.

Жақында Қарағандыда болған оқиғалардың бірінде Джибути азаматының кішкентай баласы автобусқа мініп, белгісіз бағытқа кетіп қалған. Полицейлердің жедел әрекетінің арқасында бала аман-есен табылып, анасына қайтарылған.

Миграциялық полиция қызметкерлері күн сайын Қазақстанға жұмыс істеуге немесе білім алуға келген ондаған шетел азаматына қолдау көрсетеді.

Еске салайық, бұған дейін Атыраудағы криминалдық полиция қызметкері тергеу барысынан түсірілген фото және видеоларды әлеуметтік желіге жариялап, желі қолданушыларын "шакалдар" деп атаған еді. Оқиғадан кейін полиция департаменті қызметтік тексеру жүргізіп, полицейдің тәртіп бұзғанын анықтады. Нәтижесінде оған тәртіптік жаза қолданылып, әлеуметтік желідегі аккаунттары бұғатталды.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 12:58