Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Энергетика министрлігі Қазақстанда авиаотын тапшылығы туралы ақпаратқа жауап берді

авиаотын
Фото: Reuters

Энергетика министрлігі Қазақстанда авиаотын тапшылығы қаупі жоқ екенін мәлімдеді. Ведомство елдегі мұнай өңдеу зауыттары ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп отыр, ал импорттық отын негізінен халықаралық транзиттік рейстерге пайдаланылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Энергетика министрлігі Ресей мен Беларусьтен жеткізілімдердің қысқаруына байланысты елде авиаотын тапшылығы туындауы мүмкін деген ақпаратқа түсініктеме берді.

Бұған дейін бірқатар БАҚ Қазақстан мұнай өңдеу зауыттары өндірісті арттырғанымен, ұшақтарға арналған отынға сұраныс одан да жылдам өсіп жатқанын, соның салдарынан баға көтеріле бастағанын хабарлаған еді.

Шетелдік ақпарат құралдарының мәліметінше, Қазақстанда авиаотын тапшылығы қаупі туындауы мүмкін. Себебі елдегі өндіріс көлемі жеткіліксіз, ал Ресей мен Беларусьтен келетін импорт азайып жатыр. Сонымен қатар маусым айының соңында Атырау мұнай өңдеу зауытының жөндеуге тоқтауы жағдайды күрделендіруі ықтимал екені айтылған. Алайда Энергетика министрлігі бұл ақпараттың ішкі тұтыну мен халықаралық транзитке арналған отын көлемдерін шатастырудан туындағанын мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанның азаматтық авиациясы мен күштік құрылымдарының қажеттілігі толықтай отандық өндірістегі авиаотынмен қамтамасыз етіледі.

"Елдегі жолаушылар авиациясының жылдық қажеттілігі шамамен 680 мың тоннаны құрайды. Ал биыл қазақстандық зауыттар 750-825 мың тонна авиаотын өндіреді. Көлем отандық әуе компанияларын толық қамтамасыз етуге жеткілікті", – делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік мәліметінше, қазақстандық компаниялар үшін авиаотын бағасы тұрақты және бір тоннасы 405-452 мың теңге аралығында сақталып отыр. Мұнай өңдеу зауыттарының жөндеу жұмыстары алдын ала жоспарланып, қажетті қор жиналатындықтан, ішкі нарықта тапшылық болмайды.

Импорттық авиаотын негізінен Алматы мен Астана әуежайларында аялдайтын шетелдік жүк және жолаушылар ұшақтарын жанармаймен қамту үшін сатып алынады. Шетелдік тасымалдаушыларға арналған баға нарықтық негізде қалыптасады. Министрлік қазір халықаралық транзитке қажетті отын Ресейден, Қытайдан, Түрікменстаннан және басқа да балама көздерден жеткізіліп жатқанын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстарды "ҚазМұнайГаз-Аэро" компаниясы үйлестіреді.

Сондай-ақ импорттық авиаотынға қосылған құн салығын алып тастау және кедендік баждарды төмендету мәселесі қарастырылып жатыр. Әуежайлар әлемде кеңінен қолданылатын Jet A-1 маркалы отынға көшу үшін инфрақұрылымын жаңартып жатыр. Энергетика министрлігінің болжамынша, 2032 жылға қарай Қазақстандағы авиаотын өндірісі екі есеге жуық өсіп, жылына 1,7–1,8 миллион тоннаға жетеді.

"Қазір отандық тұтынушылар қажетті көлемдегі қолжетімді отынмен толық қамтамасыз етілген. Әуежайлар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, ал жеткізу логистикасы сенімді", – деп сендірді министрлік.

Еске салайық, бұған дейін Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалына қауіп төнген еді. Сарапшылардың мәліметінше, осы бағыттағы жеткізілімнің бұзылуы Еуропада авиациялық отын тапшылығын күшейтіп, әуе компанияларын кейбір рейстерді қысқартуға мәжбүр етуі мүмкін. Қазір Еуропадағы авиаотын қоры шамамен алты аптаға ғана жетеді деп бағаланған еді.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 14:53