Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Райымбектен Әл-Фараби даңғылына дейін: Алматыда қоғамдық көліктің жаңа түрі іске қосылады

sky train
Фото: railway.supply

Алматыда жаңа қоғамдық көлік түрі – SkyTrain монорельс жүйесін іске қосу жоспарланып отыр. Жоба аясында жалпы ұзындығы 42 шақырым болатын екі желі салынып, олар Райымбек даңғылы, Саин көшесі мен Әл-Фараби даңғылын қамтиды. Осыған байланысты Райымбек даңғылындағы BRT жобасының бір бөлігі қайта қаралады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қалалық жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, Райымбек даңғылының Өтеген батыр көшесінен Емцов көшесіне дейінгі бөлігінде орнатылған BRT элементтері бөлшектеледі. Мұндай шешім бюджет қаражатын тиімді пайдалану және осы бағытта SkyTrain жобасын жүзеге асыру жоспарымен байланысты.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, SkyTrain жолдың үстімен арнайы эстакадалар арқылы жүріп, жерүсті қоғамдық көлікпен ыңғайлы ауысу жүйесі арқылы байланысады. Мұндай жоба тұрғындардың жол жүру уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Райымбек даңғылындағы автобусқа арналған арнайы жолақтар сақталады. Қазір оларды даңғылдың шеткі бөліктеріне орналастыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Жоба аясында жалпы ұзындығы 42 шақырым болатын екі SkyTrain желісін салу жоспарланған. Бірінші желі ұзындығы 29 шақырымды құрап, 16 станциядан тұрады. Ол "Барлық" көлік-ауыстыру торабынан басталып, Райымбек даңғылы, Саин көшесі, Әл-Фараби даңғылы және Шығыс айналма автожолы арқылы "Шығыс қақпасы" торабына дейін жалғасады.

Ал екінші желі Райымбек даңғылы бойымен Саин көшесінен "Шығыс қақпасы" торабына дейін созылып, ұзындығы 13 шақырым болады. Бұл бағытта төрт станция салу көзделген.

SkyTrain пойыздарының орташа жылдамдығы сағатына 35 шақырымды құрайды. Ал жүйенің депосы Алматы облысы Қарасай ауданындағы Абай ауылында орналасуы мүмкін.

Қазір жоба бастапқы кезеңде тұр. Әзірге техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Сол құжат дайын болғаннан кейін ғана маршруттар, жобаның нақты құны, қаржыландыру көздері және құрылыс мерзімі белгілі болады. Алматы әкімдігі көлік жүктемесінің жылдан-жылға артып келе жатқанын айтады. Қала көшелерінде күн сайын 1,1 миллионнан астам көлік қозғалады. Осыған байланысты билік ұзақмерзімді шешім ретінде қоғамдық көлікті дамытуға басымдық беріп отыр.

Айта кетейік, SkyTrain жүйесі бүгінде Канаданың Ванкувер қаласы мен Таиландтың Бангкок қаласында сәтті жұмыс істеп келеді. Ал биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен Алматы облысының әкімдеріне SkyTrain желілерін дамыту мәселесін пысықтауды тапсырған еді.

Еске салайық, бұған дейін жеңіл рельсті көліктің (LRT) бірінші кезеңінің бағыты Момышұлы көшесі – Төле би көшесі – Абылай хан даңғылы – “Алматы-2” теміржол вокзалы бағытымен өтетіні айтылған еді. Депо Алатау ауданындағы Индустриялық аймақтың оңтүстік бөлігінде орналасады. Жобаның бірінші кезеңінің жалпы ұзындығы 18,3 шақырым болмақ.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 13:06